Депутат Бақытжан Базарбек елдегі дәрі-дәрмек нарығындағы былықтың бетін ашты. Оның мәлімдеуінше, Бас прокуратура фармацевтика саласындағы бірқатар мекемеге, оның ішінде атышулы «СК-Фармация» компаниясына қатысты тергеу амалдарын бастаған.
Бұған депутаттар Базарбек-Әбенов тандемінің бірлескен арызы негіз болған деп жазады Ertenmedia.
Бұған дейін бас аудитор Смайылов тексеру жүргізіп, дәрі-дәрмек сатып алуда бірталай былықты әшкерелеген еді.
Тексерудің алғашқы нәтижесі бойынша, «СК-Фармация» мемлекетке 35,8 млрд теңге зиян келтірген. Қазір тергеушілер компанияның офисінде қағаз-құжаттарды қопару үстінде.
Сонымен қатар, «Инфекцияға қарсы препараттар ғылыми орталығы» да следактардың назарында.
Базарбектің айтуынша орталықта жалпы сомасы 166,4 млн теңгеге жалған клиникалық зерттеу жүргізілген, сондай-ақ 36,7 млн теңгеге алынған жабдықтар межелі жерге мүлде жеткізілмегені анықталған.
Синдикаттың тағы бір мүшесі «ҚазМедПром» ЖШС медициналық қолғаптарды бірнеше есе қымбатқа сатып, бюджет қаржысын негізсіз жұмсаған. Бұл іске қатысты шығын көлемі 5,3 млрд теңгеге бағаланып отыр.
Айта кетелік, Базарбек бұған дейін Үкіметтің 2024 жылғы бюджетті орындау жөніндегі есебіне көңілі толмай, бірқатар министрліктің қызметін тексеруді талап еткен-тұғын. Осыған орай Бас прокуратура аталған мекемелерге қатысты тергеу ісін қолға алды. Ақырын күтейік.