Munarmedia.kz.25.07.2027 ж./Астана/-Еуропалық одақ (ЕО) АҚШ-пен сауда дауы аясында америкалық өнімдерге 30 пайыздық қарсы баж салығын енгізуге дайындалып жатыр. Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, бұл шектеулер АҚШ-тың Еуропаға экспорттайтын өнімдерінің шамамен үштен бірін қамтуы мүмкін.
Бірінші кезеңде ЕО бұған дейін келісілген 21 млрд еуро көлеміндегі америкалық тауарларға салынатын баж салығын 72 млрд еуро көлеміндегі жаңа тауарлар тізімімен біріктіруді көздеп отыр, деп жазады Exclusive.kz.
Осылайша, ықтимал шектеулер АҚШ-тан ЕО-ға келетін импорт көлемін 100 млрд еуроға дейін қамтуы ықтимал. Бұл АҚШ-тың Еуропаға жыл сайын экспорттайтын жалпы көлемінің үштен бірінен сәл аз — шамамен 335 млрд еуро.
Bloomberg дереккөздерінің айтуынша, баж салығы салынатын тауарлар қатарында өндірістік өнімдер, оның ішінде Boeing ұшақтары, америкалық автомобильдер мен бурбон болуы мүмкін. Егер осы уақытқа дейін АҚШ-пен келісімге келу мүмкін болмаса және Дональд Трамп уәде еткен еуропалық импортқа тарифтер іске асырылса, ЕО бұл шараларды 1 тамыздан бастап күшіне енгізбек.
Бірқатар ЕО елдері, соның ішінде Германия, 2023 жылы қабылданған ACI (Anti-Coercion Instrument) – мәжбүрлеуге қарсы тетікті қолдану мәселесін де қарастырып отыр. Бұл құрал америкалық технологиялық компанияларға салық салудан бастап, инвестицияларға және америкалық бизнестің еуропалық нарыққа кіруіне шектеу қоюға дейінгі кең ауқымды қарсы шараларды қамтиды.
Алайда өсіп келе жатқан шиеленіске қарамастан, ЕО-ның көп елдері келіссөз арқылы шешім табуға үмітті және тамыз айының басына дейін ымыраға келуді қалайды.
Bloomberg деректері бойынша, сауда шиеленісінің өршуі аясында 23 шілдеде АҚШ пен Жапония тарифтерге қатысты келісімге келген. АҚШ кейбір жапон тауарларына бұған дейін уәде етілген 25% орнына 15% тариф енгізеді, ал Жапония 550 млрд доллар көлемінде америкалық экономикаға инвестиция салуға және АҚШ автомобильдері, күріш пен ауылшаруашылық өнімдеріне нарығын ашуға міндеттелді.
Бұған дейін хабарланғандай, Трамп әкімшілігінің сауда саясаты АҚШ бюджетін едәуір толықтыруға мүмкіндік берген: Bloomberg деректері бойынша, 2025 жылдың екінші тоқсанында импорттық баж салығынан түскен кіріс 64 млрд долларды құраса, бұл көрсеткіш 2024 жылдың сәйкес кезеңінде небәрі 17 млрд доллар болған.
Фото: Depositphotos