Шереметьевода өзбекстандықтармен бірге Балықшының экс-әкімі ұсталды

41


Munarmedia.kz.15.09.2025 ж. /Астана/ - Қырғызстанның Балықшы қаласының бұрынғы әкімі Сұлтан Керімалиев Ресейдің Шереметьево әуежайында Өзбекстан азаматтарымен бірге ұсталып, уақытша ұстау изоляторына жабылды. Бұл туралы Vesti.kg Telegram-арнасы хабарлады.

Керімалиев әлеуметтік желіде жариялаған бейнежазбасында бұған дейін Мәскеуге әдетте Бішкек арқылы еш қиындықсыз ұшып жүргенін, алайда бұл жолы Өзбекстан арқылы барғандықтан, барлық жолаушылармен бірге ұсталғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, Шереметьевода Өзбекстаннан келген азаматтардың барлығын 2–3 тәулік бойы тексеріп, кейін 60–70 пайызын елге қайта қайтарған. «Арасында әйелдер мен кішкентай балалар болды, оларға өте дөрекі қарады», – дейді экс-әкімнің сөзін Vesti.kg.

Сонымен бірге Керімалиев бейнежазбада ұсталғандарға азық-түлік беріліп, «қалыпты жағдай жасалғанын» атап өткен.

Ақпарат көздерінің мәліметінше, соңында ұсталғандардың басым бөлігі Өзбекстанға кері жіберілген.

Айта кетейік, Сұлтан Керімалиев Балықшы қаласының әкімі қызметін бар-жоғы екі апта ғана атқарған. Осы қысқа мерзімде ол Петр Семёнов-Тянь-Шанскийдің ескерткішін бұзу дауына араласып, мессенджерде жарияланған күмәнді хат-хабармен көзге түсіп, қызметтік әдепті бұзғаны үшін ел президентінің сынына ұшыраған.

Қызметінен кеткеннен кейін де экс-әкім қоғам назарынан тыс қалмады: ол Сонкөл көлі маңында көлігімен дрифт жасап жүрген видеосын жариялап, нәтижесінде айыппұл төлеп, көлігінен айырылған болатын.