Munarmedia.kz 11.12.2025 жыл /Астана/ -Қазақстандағы құрылыс саласын реттеуге бағытталған жаңа заң жобасы тағы да қоғамдық талқылаудың ортасына шықты. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Сенаттың Құрылыс кодексі жобасынан «адал емес құрылыс салушылардың реестрін» алып тастауға ниетті екенін мәлімдеді. Бұл шешім құрылыс нарығындағы ашықтық пен жауапкершілікке қатысты сұрақтарды қайта көтеріп отыр.
Депутаттың айтуынша, бастапқы жобада елде алғаш рет алаяқтық істерге қатысы бар, рұқсатсыз немесе заңсыз құрылыс жүргізген, жобалық құжатсыз жұмыс істеген компанияларды арнайы реестрге енгізу көзделген. Мұндай ұйымдарға үш жыл бойы құрылыс жүргізуге, әсіресе үлескерлердің ақшасын тартуға тыйым салынуы тиіс еді.
Базарбектің сөзінше, бұл норма азаматтарды қорғаудың маңызды тетігі болуы керек еді:
«Бұл — халықты алдаған, заңсыз құрылыс жүргізген, мемлекет пен азаматтарға залал келтірген компанияларды анық көрсететін алғашқы ресми реестр. Яғни іс жүзінде алаяқтық әрекет жасаған құрылыс компанияларын нарықтан уақытша шектеу механизмі», — деп жазды ол.
Алайда Сенат бұл норманы құжаттан алып тастауды ұсынып отыр. Жоғарғы палата өкілдері мұны қолданыстағы заңнамамен түсіндіреді. Сенаторлардың уәжіне сәйкес, үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсатты жергілікті атқарушы органдар береді, ал ондай ұйымдар «Үлескерлік қатысу туралы» заңда нақты көрсетілген. Осыған байланысты оларды жаңа реестрге қосуға құқықтық негіз жоқ деп санайды.
Бұл жағдай құрылыс нарығындағы жүйелі мәселелерді тағы да айқындап берді. Бір жағынан, үлескерлердің құқығын қорғау мақсатында бірыңғай «қара тізім» құру қажеттігі айтылса, екінші жағынан, Сенат ондай тізімнің заңдық негізі жоқ екенін алға тартуда.
Жаңа Құрылыс кодексі құрылыс саласындағы бақылау тетіктерін жүйелеуге бағытталғанымен, реестрдің алынып тасталуы қоғамда құрылыс компанияларының жауапкершілігіне байланысты алаңдаушылық тудырды.
Бұл даудың қалай шешілетіні алдағы парламенттік тыңдауларда белгілі болмақ.