Иран президенті Масуд Пезешкиан Астанада

35

Munarmedia.kz 11.12.2025 жыл /Астана/-Қазақстан мен Иран арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңі басталуы мүмкін. Бүгін Астанаға ресми сапармен келген Иран Ислам Республикасының президенті Масуд Пезешкианмен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада келіссөздер өткізді. Әуелі аз құрамда, кейін кеңейтілген форматта жалғасқан кездесуде экономикалық және көлік-логистикалық ынтымақтастық негізгі назарда болды.

Иран Қазақстанмен өзара сауда айналымын үш миллиард долларға жеткізуді көздеп отыр. Бұл мақсатқа жету үшін екі ел транзиттік әлеуетті күшейтуге мүдделі. Келіссөздерде Солтүстік — Оңтүстік халықаралық көлік дәлізін дамыту және Қазақстан — Түрікменстан — Иран теміржол маршрутының мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері көтерілді.

Каспий арқылы сауда транзитін арттыру үшін порт инфрақұрылымын бірлесіп жаңғырту да басым бағыттардың бірі ретінде аталды. Бұл Қытай, Орталық Азия, Парсы шығанағы және Үнді мұхиты арасындағы жаңа логистикалық тораптарды нығайтуда маңызды рөл атқарады.

Ақорданың хабарлауынша, Иран мұрағаттарында қазақ тарихына қатысты көптеген құнды құжаттар сақталған. Кездесу барысында ирандық тарап Қазақстанға сол материалдардың көшірмелерін табыстаған.

Сонымен бірге, Қазақстанда Шығыс өркениетінің аса көрнекті ойшылы, Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасын зерттейтін кешен салу мәселесі де талқыланды.

Масуд Пезешкиан халықаралық саясатта «умеренный реформист» ретінде танымал. Ол Батыспен қарым-қатынасты жақсартуды қолдайды, ел ішіндегі кейбір еркіндіктерді кеңейтуді құптайды. Дегенмен, Иранның саяси құрылымына тән ерекшелік — жоғары басшылыққа абсолютті адалдық — Пезешкиан үшін де өзгермейтін талап.

Соңғы айларда Иранда діни дресс-код төңірегіндегі жағдай күрделеніп тұрғаны белгілі. Қазан айының басында билік хиджаб кимеген әйелдерге айыппұл немесе жаза қолданудан бас тартатынын мәлімдеген еді. Бұл қоғамда «тарихи бетбұрыс» ретінде қабылданды. Әйелдер жаппай бас жапқышсыз жүре бастағанымен, бұл еркіндік ұзаққа созылмады.

Киш аралында өткен марафон барысында әйел қатысушылардың хиджабсыз жүгіруіне байланысты ұйымдастырушылар қамауға алынды. Бұл оқиға ирандық биліктің қоғамдық өзгерістерге шектеулі көзқарасын және діни нормалардың сақталуына қатысты қатаң ұстанымының әлі де күшінде екенін көрсетті.

Тоқаев пен Пезешкианның келіссөздері Қазақстан мен Иран қарым-қатынасының жаңа мазмұнға ие бола бастағанын аңғартады. Көлік дәліздерін дамыту, Каспий инфрақұрылымын жаңғырту және сауда көлемін ұлғайту — екі елдің ортақ мүддесі. Ал тарихи-мәдени байланыстардың жандануы — бұл серіктестікті тереңдете түсетін маңызды бағыт.

Сапардың нәтижелері алдағы айларда нақты жобаларға айналса, Қазақстанның Оңтүстіктегі геоэкономикалық кеңістікпен байланысы бұрынғыдан да нығая түсуі мүмкін.