Соңғы жылдары, Астанада қалжыңдап айтатындай, Қытай төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан астанасына кейбір ауылдағы туыстардан да жиі келетін болды. Бір жыл бұрын ол мемлекеттік сапармен келіп, сонымен қатар ШЫҰ саммитіне қатысқан еді. Ал тура бір аптадан соң ҚХР басшысы Қазақстанға тағы бір ресми сапармен келмек. Бұл сапар аясында «Орталық Азия – Қытай» екінші саммиті де өтеді.
Қазақстан үшін Қытаймен «ОА+» форматындағы ынтымақтастық қаншалықты тиімді және алдағы Астана саммитінде мемлекет басшылары қандай маңызды мәселелерді талқылайды?
Саясаттанушылар мен экономистер Орталық Азия өңірі Қытай үшін ең алдымен тұтастығымен қызықты екенін бірнеше мәрте атап өткен. Ал біздің тараптан алғанда, Қытаймен қатынасты дамытуда Орталық Азия республикалары бірігіп әрекет еткенде, даусымыз да, ықпалымыз да күшейеді. Бұған қоса, Орталық Азия мен Қытай арасындағы серіктестіктің флагманы ретіндегі рөлді Қазақстанның атқарып келе жатқаны да дау туғызбайды.
«Орталық Азия – Қытай» алғашқы саммиті 2023 жылы Сиань қаласында өткен болатын. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымовтың айтуынша, содан бері елдер арасындағы әріптестік едәуір кеңейе түсті.