Қазақстан Президенті мен Словакия Премьер-министрі тар және кеңейтілген құрамда өткен келіссөздерден кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында сөз сөйледі, деп хабарлайды Exclusive.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев тараптар нақты келісімдерге қол жеткізгенін атап өтті.
Тараптар өзара тауар айналымының көлемін ұлғайту мәселелерін қарастырды. Қазақстан Словакияға мұнай, газ, уран, азық-түлік өнімдері және басқа да тауарларды экспорттауға дайын. Сонымен қатар энергетика, машина жасау, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және туризм салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асырудың келешегі зор екенін көріп отырмыз. Әскери-техникалық салада да ынтымақтастықтың едәуір әлеуеті бар. Бұдан бөлек, біз Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің мүмкіндіктерін бірлесіп пайдалану мәселесін талқыладық. Бұл жоба екіжақты саудаға жаңа мүмкіндіктер ашуы мүмкін, сондықтан мен словакиялық серіктестерді осы жобаға қатысуға шақырдым,
— деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Словакияның су ресурстарын басқару тәжірибесін зерттеуге қызығушылық танытып отырғанын және бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін айтты. Тараптар Қазақстан азаматтарының Словакияда жұмыс істеуі кезінде олардың құқықтарын қамтамасыз ету мен әлеуметтік қорғауға ерекше көңіл бөлді. Сонымен қатар білім беру саласындағы байланыстарды тереңдету перспективалары қарастырылды.
Президенттің айтуынша, келіссөздер барысында халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер де қаралды:
— Біз геосаяси тұрақсыздыққа, жаһандық қайшылықтар мен сауда соғыстарына байланысты ортақ алаңдаушылық білдірдік. Барлық даулар тек бейбіт жолмен шешілуі тиіс деп есептейміз. Біздің елдер арасындағы байланыстар халықаралық ұйымдар аясында да нығайып келеді. Атап айтқанда, біз БҰҰ, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты құрылымдар шеңберінде күш-жігерімізді үйлестіріп келеміз. Көптеген жаһандық үрдістер мен сын-қатерлерге қатысты ұстанымдарымыз ұқсас. Біз көпжақты дипломатияға ерекше мән береміз,
— деп түйіндеді Тоқаев.
Роберт Фицо да келіссөздердің қорытындысына жоғары баға берді. Оның айтуынша, тараптар «алға үлкен қадам жасай алды». Барлық келісімдер тиісті қол қойылған келісімшарттар мен өзара тиімді ынтымақтастықта көрініс табады.
Фото: Ақорда