Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Неліктен қарағандылықтар Ермағанбет Бөлекпаевтың ауысуын асыға күтуде

40




Жуырда Қарағандының әлеуметтік желілерінде облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың жақын арада қызметінен кетіп, елордаға жоғарылатылып жіберілетіні туралы қауесет тарады. Ең қызығы — жерлестері бұл жаңалықты қуанышпен қарсы алмаса да, өкінбегені анық.

Қарағанды облысы Шет ауданының тумасы Бөлекпаев соңғы бес жылын алдымен облыс орталығына, кейін бүкіл өңірге қызмет етуге арнаса да, неге тұрғындардың сенімі мен ықыласына ие бола алмады? Бұл сұраққа Ulysmedia.kz тілшісі жауап іздеп көрді.

Ермағанбет Қабдулұлының жерлестерімен қарым-қатынасы 2020 жылдан, яғни Қарағанды қаласының әкімі болып тағайындалған кезінен бастап-ақ дұрыс жүрмеді. Успенка ауылында (Шет ауданы) дүниеге келіп, Букетов атындағы ҚарМУ-дан экономикалық білім алғанына қарамастан, қарағандылықтар оны «бөгде адам» ретінде қабылдады.

Бұл, бәлкім, оның 1997 жылдан бастап Павлодар облысы мен Астанада түрлі жоғары лауазымдарды атқарып, туған жеріне Президент Әкімшілігіндегі мемлекеттік инспектор қызметінен кейін «төмендетіліп» қайтқанынан болар. Мүмкін, өзі де жерлестерімен ашық әрі жылы қарым-қатынас орната алмаған болар. Қалай болғанда да, шахтерлер қаласының тұрғындары оны «уақытша келген адам» деп қабылдап, сырттай «уақытша әкім» деп атаған.

Және жыл сайын қарағандылықтар оның келген жағына — Астанаға қайтуын күтіп жүрді. Айта кетерлігі, әкімнің Қарағандыны көркейту жолындағы қарқынды әрекеттері кері әсер беріп жатты. Ермағанбет Бөлекпаев қоқыс жәшіктері мен аулаларды өзі аралап, тапсырмалар беріп, аудан әкімдеріне сөгіс жариялап, жол жөндеу мен саябақ абаттандыруын жеке қадағалады. Бірақ соған қарамастан, қала жылдан-жылға тозып бара жатты.