Munarmedia.kz.15.09.2025 ж. /Астана/ - «Әділетті Ресей – Шындық үшін» партиясының жетекшісі Сергей Миронов Gazeta.ru-ға берген сұхбатында 2030 жылға дейін Орталық Азиядан келген мигранттарға Ресей азаматтығы мен тұруға рұқсат беруді уақытша тоқтату жөнінде мораторий енгізуге шақырды. Оның пікірінше, елге ағылған мигранттар легі Ресейдің ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіріп отыр.
«Мен 2030 жылға дейін Орта Азиядан келген мигранттарға азаматтық пен тұруға рұқсат беруге мораторий енгізуді ұсынамын. Тек осы арқылы біз жағдайды тұрақтандырып, шетел азаматтарының жаппай келуінен туындап отырған проблемаларды шеше аламыз», – деді саясаткер.
Мироновтың айтуынша, ресми деректер бойынша Ресейде 6,5 миллионнан астам мигрант бар, алайда олардың аз бөлігі ғана еңбекке тартылған. Қалғандары – отбасылық мүшелер, олар «ешқандай жұмыс істемей, керісінше, ауруханалар мен мектептерді қоса алғанда, әлеуметтік инфрақұрылымды пайдаланып отыр», – деп мәлімдеді ол.
Депутат сондай-ақ көші-қон ағынына бақылау әлсіз екенін алға тартты. Ресей ІІМ дерегінше, 2025 жылдың алғашқы алты айында шетел азаматтарына шамамен 114 мың еңбек рұқсаты берілген. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бір жарым есе көп.
Миронов мұндай үрдіс Ресейдің ұлттық қауіпсіздігі мен азаматтарының әл-ауқатына төнген тікелей қатер екенін атап өтті.
Айта кетейік, депутат 2022 жылдың сәуірінде тәжікстандықтарға қатысты осындай бастама көтерген еді, бірақ ол кезде бұл ұсынысқа үкімет те, Дума да қолдау көрсетпеген. 2024 жылы да ол Орталық Азиядан келгендерге 2026 жылға дейін азаматтық беруді тоқтатуды ұсынғанымен, бастама сол күйі жүзеге аспады.