Munarmedia.kz.15.09.2025 ж. /Астана/- Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаевтың туыстары Қой-Таштағы үйінен күштеп шығарылуда. Бұл туралы Kaktus Media хабарлады.
Бұрынғы мемлекет басшысының ұлы Қадыр Атамбаевтың айтуынша, резиденция аумағына 30-ға жуық адам, оның ішінде қалалық милиция өкілдері кірген. Олардың қолында тек Бішкектің аудандық сотының қаулысы болғаны атап өтілді.
«Бұл – абсолютті заңсыздық. Біз Жоғарғы сотқа да, Конституциялық палатаға да шағымданатынымызды мәлімдегенбіз. Тіпті қалалық соттың өзі әлі аяқталмаған. Соған қарамастан сот орындаушылары үйден шығару ісін бастап кетті», – дейді Атамбаев-младший.
Еске сала кетсек, Қырғызстанда 2022 жылдан бері Қой-Таш оқиғасына қатысты іс қаралып келген. Алмазбек Атамбаев 2023 жылдың ақпанында сот шешімімен емделу үшін босатылып, Испанияға ұшып кеткен болатын. Содан бері ол еліне оралған жоқ.
2025 жылдың маусым айында экс-президент Атамбаев 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік наградаларынан айырылған еді.