Ресейде Telegram мен WhatsApp арқылы қоңырау шалу шектелді

113


Соңғы уақытта кейбір қазақстандықтар Ресейдегі туыстарына Telegram мен WhatsApp арқылы қоңырау шалу қиындағанын айтып шағымдануда. Белгілі болғандай, бұл мессенджерлердегі қоңырау қызметі ішінара шектелген. Роскомнадзордың мәліметінше, мұндай шаралар қылмыскерлерге қарсы әрекет ету мақсатында енгізілген.

Ведомствоның түсіндіруінше, Telegram мен WhatsApp — ресейлік азаматтарды алдап, ақша бопсалау, сондай-ақ диверсиялық және террористік әрекеттерге тарту үшін ең көп қолданылатын дауыс беру сервистері.

«Құқық қорғау органдарының материалдарына сәйкес, қылмыскерлерге қарсы әрекет ету үшін аталған шетелдік мессенджерлерде қоңырау қызметін ішінара шектеу шаралары қабылданды. Олардың басқа функцияларына ешқандай шектеу енгізілген жоқ», — деп келтіреді ТАСС Роскомнадзордың мәлімдемесін.

РФ Цифрлық даму министрлігі түсіндіргендей, шетелдік мессенджерлердегі қоңырау қызметіне қол жеткізу Ресей заңнамасының талаптары орындалғаннан кейін қалпына келтіріледі.

«Верстка» басылымының хабарлауынша, дауыс байланысын шектеу туралы шешім Ресейде мемлекеттік Max мессенджерінің іске қосылуымен тұспа-тұс келді. Билік оған қолайлы жағдай жасап отыр.

«Max-тағы қоңыраулар билік тарапынан тыңдалудан толық қорғалмайды деп болжанады. Заң бойынша қоңырау жазбалары байланыс операторларында алты ай бойы сақталуы тиіс, сондықтан олар құқық қорғау органдарына берілуі, қылмыскерлердің қолына түсуі немесе көпшілікке жария болуы мүмкін», — деп жазады басылым.

Қазақстанда биыл мемлекеттік дерекқорлардан алынған азаматтардың жеке мәліметтерін интернетте сатқан қылмыстық топ әшкереленген еді. Бұл деректер Telegram-арналар арқылы таратылған.