Қазақстан халқы жарты жылда 100 мыңнан астам адамға өсті

128



Munarmedia.kz.14.07.2025 /Астана/-2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан халқының саны 20,38 миллион адамға жетті. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді. Халықтың 12,89 миллионы қалаларда, ал 7,48 миллионы ауылдық жерлерде тұрады. Жыл басынан бері жалпы өсім 104,4 мың адамды құрады.

Табиғи өсімнің негізгі көзі — жоғары туу көрсеткіші. Қаңтар-маусым айларында республикада 161,2 мың сәби дүниеге келіп, 64,6 мың адам қайтыс болды. Табиғи өсім 96,7 мың адамды құрады. Ең жоғары туу деңгейі Түркістан облысында (әр мың тұрғынға шаққанда 21,94), Маңғыстау облысында (20,98) және Шымкент қаласында (20,63) тіркелді.

Сонымен қатар, ең жоғары өлім-жітім Солтүстік Қазақстан облысында (11,67), Шығыс Қазақстанда (11,27) және Қарағанды облысында (9,33) байқалды. Бұл көрсеткіштер аймақтардағы жастық құрылым ерекшелігімен байланысты. Алты айда елімізде 51,4 мың неке қиылып, 21,5 мың ажырасу тіркелді.

Миграциялық өсім 7749 адамды құрады. Қазақстанға 11 267 адам қоныстанып, 3518 адам елден кеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 49,5 пайызға аз. Көші-қонның негізгі ағыны ТМД елдерімен байланысты. Ішкі миграция бойынша ең көп өсім Астанада (36 821 адам), Алматыда (16 934), Шымкентте (10 838) және Алматы облысында (5500) тіркелді.

Айта кетерлігі, биылғы алғашқы айларда Түркістан облысы табиғи өсім бойынша көшбасшы болғанымен (15 372 адам), өңірден басқа аймақтарға қоныс аударушылар саны рекордтық деңгейге жетіп, 18 421 адамды құрады. Ішкі көші-қонның басты бағыты — Астана, мұнда жарты жыл ішінде халық саны шамамен 30 мың адамға артты.