Munarmedia.kz 02.09.2025 / Астана / 1 қыркүйектен бастап Ресей Федерациясының екі өңірінде — Мәскеу мен Мәскеу облысында — ТМД-ның тоғыз елінен келген азаматтар, соның ішінде Қазақстан азаматтары да, өздерінің геолокациялық деректерін ресейлік билікке ұсынуға міндетті болады.
Ресей бұл бастаманы «мигранттарды есепке алу бойынша эксперимент» деп атады. «Интерфакс» агенттігінің хабарлауынша, эксперимент Мәскеу мен Мәскеу облысына жұмыс істеуге келген шетелдіктерге қатысты жүргізіледі.
Шетел азаматтарын «Амина» атты мобильді қосымша арқылы бақылайды. Қазақстандықтармен бірге бұл қосымшаны Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Армения, Грузия, Әзербайжан, Молдова және Украина азаматтары да орнатуға міндетті.
Қосымшаны азаматтар өздері жүктеп орнатуы тиіс. Оған тіркелу үшін шетелдік азамат картасы қажет, ал ол карта тек еңбек патентін рәсімдегеннен кейін ғана беріледі.
Егер карта жоғалып кетсе, «Амина» қосымшасына паспорт деректері арқылы да тіркелуге болады.
«„Амина“ қосымшасы арқылы шетел азаматы Миграциялық көпфункционалды орталықтың (МКФО) мекенжайында тіркеле алады, сондай-ақ өзінің тұрған жері мен оның өзгерісі туралы ішкі істер органдарына қашықтан хабарлай алады», — делінген ресми ақпаратта.
Аталған қосымша жай ғана мекенжай емес, нақты геолокациялық деректерді тіркеп отырады.
«Қосымша бірнеше күн бойы геолокация деректерін тіркемесе, шетел азаматына өзінің орналасқан мекенжайын растау немесе оның өзгерісі туралы ІІМ-ге хабарлау қажеттігі туралы ескерту жіберіледі. Бұл үшін ішкі істер органдарына немесе МКФО-ға барудың қажеті жоқ», — деп түсіндірді миграциялық орталықта.
Егер геолокация туралы деректер үш жұмыс күні қатарынан келмесе, шетелдік азамат МКФО-дағы тіркеуден шығарылады. Бұл — оның Ресейде заңсыз жүрген тұлғалар тізіміне енуіне себеп болуы мүмкін.
Аталған тізімге билік ел аумағында заңсыз жүрген деп есептейтін шетелдіктерді енгізеді.
• Иллюстрация: нейрожелі DALL·E.