Munarmedia.kz 02.09.2025 / Астана / Қытайдың Тяньцзинь қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің саммиті жалғасып жатыр. Күннің екінші жартысында саммит «ШЫҰ Плюс» форматында өтті.
Сол жерде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қайтадан сөз сөйледі. Күндізгі баяндаманың негізгі бөлігі таңертеңгі сөзінің тақырыптарымен үндес болды. Мемлекет басшысы тағы да Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығы, көлік, экономика және экология салаларындағы ынтымақтастық туралы айтты.
Алайда алғашқы сессиядан айырмашылықтар да болды. Атап айтқанда, «ШЫҰ Плюс» форматындағы саммитте сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті БҰҰ-ны реформалауға шақырды.
«Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда БҰҰ-ны әмбебап әрі тәуелсіз ұйым ретінде қолдауымыз қажет. Дегенмен, БҰҰ-ны, ең алдымен оның басты органы – Қауіпсіздік Кеңесін реформалау қажеттілігі туындап отыр.
Мұндай реформаның күрделілігін толық түсінеміз, алайда басқа жол жоқ. Егер қазіргі буын басшылары бұл міндетті орындаудан бас тартса, бұл БҰҰ-ға деген мемлекеттердің сенімін түбегейлі және қайтымсыз түрде жоғалтуы мүмкін», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, «ШЫҰ Плюс» форматы былтыр Астанада өткен саммит кезінде іске қосылған болатын. Бұл туралы Қазақстан Президенті де еске салды.
• Фото: Ақорда.