620 миллион суға кетті — Өскеменде көпір опырылып түсті

51



Munarmedia.kz 02.09.2025 / Астана / Бүгін Өскемен қаласында Ульба өзені арқылы өтетін Шнайдер автокөлік көпірі опырылып түсті. Бұл көпір қаланың екі бөлігін байланыстырып тұрған маңызды нысан болатын. Сағат 11:50-де оқиға куәгерлері полицияға хабар берген. Көпірдің ұзындығы 16,2 метр болатын орталық аралығы суға құлады. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ.

Көпірге баратын жолдар толықтай жабылды. Құлау салдарынан сумен жабдықтау жүйесі зақымданған, алайда коммуналдық қызметтер екі сағат ішінде ықшам ауданға резервтік желі арқылы су беруді қалпына келтірді.

Оқиға орнына коммуналдық қызмет өкілдері, ТЖМ, полиция және қала әкімі келіп жетті. Алдын ала болжам бойынша, көпірдің құлауына соңғы екі күндік нөсер жаңбырдан кейін өзенмен ағып келген ағаштардан пайда болған кептеліс себеп болған. Су деңгейі 6 метрге дейін көтеріліп, ескі конструкцияға үлкен қысым түскен.

Өскемен әкімі Алмат Ақыешев бұл төтенше жағдай қаланың барлық көпірлеріне тексеріс жүргізуге түрткі болатынын айтты.

Алайда қала тұрғындары наразы. Себебі соңғы екі жылда осы көпірдің капиталдық жөндеу жұмыстарына 600 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған.

Билік өкілдерінің айтуынша, мердігер ұйым көпірді кепілдік міндеттемелері аясында өз есебінен қайта қалпына келтіреді. Жөндеу жұмыстары екі-үш ай ішінде аяқталуы тиіс. Қазір апаттың нақты себептерін анықтайтын комиссия құрылды.