Экономист Елдар Шамсүтдинов валюта нарығын зерттей келе, еліміз Ресей үшін доллар сатып алатын транзиттік хабқа айналған деген тосын тұжырымға келді, деп хабарлайды Ertenmedia. Сарапшының айтуынша, KASE валюталық секциясындағы рубль айналымы күрт артып, рубльді доллармен айырбастау операциялары жиілеген. Ресейден ағылған рубль Қазақстанның ішкі нарығындағы долларға сұранысты жасанды түрде арттырып, тұрақты валюталық ажиотаж қалыптастырып отыр.
Экономист сөзіне сенсек, ішкі нарықтағы доллар операциясының ауқымы соңғы екі жылда азайғанына қарамастан, жалпы валюта айналымының көлемі төмендеген жоқ. Керісінше, валюта биржасындағы күндік мәмілелердің жалпы сомасы кейбір күндері жарты миллиард долларға жетіп отыр. Биылғы жылдың алғашқы жеті айында халықтың қолма-қол доллар сатып алуының таза көрсеткіші 228 млн долларды ғана құрады. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есе төмен (405 млн доллар). Сонымен қатар рубльге сұраныс төмендеп, керісінше евроға қызығушылық артқан. Дегенмен нарықтағы негізгі ойыншы әлі де доллар болып тұр. Сарапшы пікірінше, Қазақстандағы қолма-қол доллар айналымын елге транзиттік жолмен келетін ресейлік рубль айқындап отыр.
Шамсутдинов осы арқылы Қазақстан валюталық тәуекелдерді өзіне қабылдап отырғанын айтады. Мұндай транзиттік операциялар ішкі нарықтағы тұрақтылыққа әсер етіп, ұлттық валютаның бағамына қысым жасауда. «Кремль санкцияның қыспағында қалып, доллардан қағылған тұста Қазақстан Ресей үшін валютаға жол ашатын жасырын сүрлеуге айналды», — дейді сарапшы.