Соңғы кезде тым еркінсіп кеткен Назарбаевтың жиені Жаңа Қазақстанның жүйкесіне тиіп жүр. Билік алдағы күндері әулет мүшелеріне "тым қатты жарқырамаңдар" деген месседж жолдап, жақсылап тұрып ескерту жасамақ, деп жазады Ertenmedia.
Тоқаевқа дәл қазір Назарбаев әулетінің шетелдік сән-салтанаты емес, ел ішіндегі саяси тұрақтылық пен әлеуметтік көңіл-күй маңыздырақ. Нұрәлі Әлиев, Дариға Назарбаева және басқа да әулет өкілдерінің Еуропадағы кештерде, Канн фестиваліндегі гала-концерттерде төбе көрсетуі билік пен халық арасындағы нәзік диалогты қайта шиеленістіріп жіберуі мүмкін. Дәл осы диалог қазіргі жүйенің ең маңызды тірегі екенін президент жақсы түсінеді.
Тоқаевтың Назарбаев әулетіне тұспалдап отырған негізгі ойы "дәурендерің де, дәуірлерің де өтті, ендігіде тасада жүріп үйреніңдер" дегенге келетін тәрізді. Бұған қосымша тағы бір тосын аргумент бар... Отбасының желідегі белсенділігі ел ішіндегі Тоқаевқа қарсы көңіл-күйді ұлғайтуға бағытталған, астыртын стратегия болуы да ғажап емес.
Әулетке ескерту жасауға оқталып отырған биліктің "жылтыңдай бермеңдер" деген ишарасы Тоқаевтың ел ішіндегі саяси тұрақтылықты сақтауға бағытталған, сырттай жұмсақ көрінгенімен, шын мәнінде салмағы ауыр, астары терең саяси жүріс.