Munarmedia.kz 12.11.2025 /Астана/ Қырғыз Республикасының Жогорку Кенешінің үш депутатына — Жанар Акаевқа, Мирлан Самыкоҗоға және Чолпон Сұлтанбековаға — Ресей Федерациясына кіруге ресми түрде тыйым салынды.
Мәскеу бұл шешімді аталған депутаттардың «русофобиялық көзқарастарды насихаттауы мен Ресейдің тарихи ұстанымына қайшы келетін бастамаларына» байланысты қабылдағанын мәлімдеді.
Ресей тарапының айтуынша, депутаттардың әрекеттері аймақтағы қоғамдық пікірге ықпал етіп, тарихи шындықты бұрмалау әрекеті ретінде бағаланған.
Атап айтқанда, үш депутат басмачылар қозғалысына, сондай-ақ Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде коллаборационизмге қатысы бар тұлғалар мен дезертирлерге «саяси қуғын-сүргін құрбандары» мәртебесін беру жөніндегі заң жобасын ұсынған.
Бұл бастама Ресейде үлкен сынға ұшырап, ресейлік сарапшылар мен саясаткерлер тарапынан «тарихты қайта жазу талпынысы» ретінде бағаланды.
Қырғызстан билігі әзірге Мәскеудің бұл шешіміне ресми түсініктеме берген жоқ.