Munarmedia.kz 12.11.2025 /Астана/ Астанада әскери борышын өтеу кезінде қаза тапқан және мүгедек болып оралған сарбаздардың аналары жиналып, биліктен әділдік талап етті.
Митинг кезінде аналардың бірі көзіне жас алып, өз мұңын ашық айтты. Оның айтуынша, ұлы әскерден мүгедек болып қайтқанымен, тиісті ем-домды әлі күнге дейін ала алмай жүр.
«Қазақстан Республикасында менің мүгедек балама ем көрсетпейді. Қашанғы қорланып жүреміз? Қашанғы біздің құқықтарымызды таптай береді? Шаршадым. Бұл үкімет халықты қажытып бітті. Біз неге үнсізбіз? Неге аналардың құқығы қорғалмайды? Балаларымызды әскерге жіберсек, оларды қызмет барысында қорлайды. Мұның бәріне қашан нүкте қойылады? Қазақстанда заң бар ма өзі? Кімге барамыз, кім естиді бізді? Барлығы қол қусырып отыр», — деп ашынған ана ойын жеткізді.
Жиналған аналар бірнеше нақты талап қойды:
-
әскери қызмет кезінде қаза тапқан немесе мүгедек болған сарбаздардың отбасына міндетті түрде өтемақы төленсін;
-
өтемақы мөлшері әділ әрі әр жағдай жеке қарастырылсын, қоғам және ата-аналар өкілдерінің қатысуымен анықталсын;
-
мемлекет әрбір сарбаздың өмірі мен қауіпсіздігіне кепілдік беріп, келісімшарттарға «өмір мен денсаулықты сақтандыру» тармағын енгізсін;
-
өтемақы тек материалдық қолдау емес, мемлекеттік жауапкершілік пен қоғамдық әділдіктің көрінісі ретінде қаралсын.
Митинг орнына полиция қызметкерлері де келіп, қатысушыларға бірнеше рет ескерту жасаған. Олар іс-шараның «рұқсат етілмегенін» айтып, тәртіп сақтауды сұраған.
Алайда, куәгерлердің айтуынша, ешқандай күш қолдану болмаған. Әйелдер қолдарындағы плакаттарын түсірмей, қорғаныс министрлігінің өкілдерімен кездесуді талап етіп тұрды.
Жиналғандар өздерінің мақсаты — билікке қарсы шығу емес, әділдік пен армиядағы реформаларды талап ету екенін айтты.
Олардың айтуынша, басты мақсат — бейбіт уақытта сарбаздардың өліміне жол бермеу үшін нақты өзгерістерге қол жеткізу. Аналар Қорғаныс министрімен жеке кездесу өткізіп, тергеу барысы мен алдын алу шараларын талқылауға ниетті.