Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Пәкістан: Үндістан 36 сағат ішінде шабуыл жасауы мүмкін

12



Munarmedia.kz, 30.04.2025 – Пәкістан билігі Үндістанның 24–36 сағат ішінде елге әскери шабуыл жасауға дайындалып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Пәкістанның ақпарат министрі Аттаулла Тарар өзінің X (бұрынғы Twitter) парақшасында хабарлады.

Оның айтуынша, шабуылға сылтау ретінде Үндістанның Пахалгам қаласында орын алған лаңкестік әрекет қолданылмақ.

«Пәкістанда Үндістанның алдағы 24–36 сағат ішінде әскери соққы жасау ниеті туралы нақты мәлімет бар. Олар бұл әрекетті Пахалгамдағы оқиғаға негіздемек», – деді Тарар.

Министр Үндістан тарапынан қандай да бір агрессиялық қадам жасалса, Исламабадтың шешімді және жауапты түрде әрекет ететінін ескертті. Оның айтуынша, «аймақтағы кез келген күрделі салдар үшін Үндістан толық жауапкершілік арқалайтын болады».

Естеріңізге сала кетейік, Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди жуырда Пахалгамдағы терактіге қатысты барлық кінәлілердің жазаланатынын мәлімдеген болатын. Бұл оқиғадан кейін екі ядролық держава арасындағы шиеленіс қайта ушығып отыр.

Сарапшылар бұл мәлімдемені Оңтүстік Азиядағы қауіпсіздік ахуалына төнген елеулі қатер ретінде бағалауда. Аймақтағы жағдайдың ушығуы тек Үндістан мен Пәкістан үшін ғана емес, бүкіл әлемдік қауымдастық үшін де алаңдаушылық туғызуда.


Қақтығыс қалай басталды? 22 сәуірде Үндістанның Джамму және Кашмир одағы аймағындағы Анантнаг ауданына қарасты Пахалгам қаласында қаруланған содырлар туристерге шабуыл жасап, салдарынан 26 адам қаза тапты. Құрбандардың арасында 25 Үндістан азаматы мен бір Непал азаматы бар. Ондаған адам түрлі жарақат алды. Бұл лаңкестік әрекетке жауапкершілікті «Фронт сопротивления» деп аталатын топ өз мойнына алды. Аталған ұйым — Пәкістанда орналасқан, халықаралық деңгейде тыйым салынған «Лашкар-и-Тайба» террористік ұйымының тармағы болып саналады. Осы оқиғадан кейін Үндістан мен Пәкістан арасындағы қарулы қақтығыстар күшейіп, шекара маңында атыстар басталды. Пәкістанның қорғаныс министрі Хаваджа Мұхаммад Асиф 28 сәуірде жасаған мәлімдемесінде Үндістан тарапынан әскери басып кіру қаупі бар екенін, бұл шабуыл "дерлік сөзсіз" деген тұжырым жасады. Оның айтуынша, Пәкістан қарулы күштері үкіметке мұндай шабуыл болуы мүмкін екенін алдын ала ескерткен. Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди Пахалгамдағы шабуылға қатысы бар барлық тұлғалар жазаланатынын мәлімдеді. Ол үнді қарулы күштеріне оқиғаға жауап қайтару тәсілі мен мерзімі бойынша толық еркіндік берілгенін атап өтті. Осы шиеленіс аясында Ресей Федерациясы қос мемлекетті сабырлы болуға, жағдайды дипломатиялық жолмен шешуге шақырды. **Анықтама**: Джамму мен Кашмир аймағы 1947 жылы Британдық Үндістан ыдырағаннан бері Үндістан мен Пәкістан арасындағы даулы территория болып табылады. Бұл аймақта ондаған жылдар бойы қарулы қақтығыстар мен лаңкестік әрекеттер тіркеліп келеді.