Munarmedia.kz. /Астана/ 08.12.2025-Ресей Федерациясы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден әкелінетін тауарларға бақылауды күшейтетін жаңа цифрлық жүйе құруды бастады. Үкімет тауар жеткізілуін күту туралы ұлттық растау жүйесінің (СПОТ) тұжырымдамасын ресми түрде бекітті.
Жаңа механизм 2026 жылғы 1 сәуірден бастап сынақ режимінде іске қосылады.
Жүйенің негізгі талаптары:
🔘 Тасымалдаушылар алдын ала ақпарат беруі тиіс. Егер жүк жөнелтушілер тауарды әкелу туралы деректерді алдын ала тіркемесе, Ресей шекарасынан өткізуге тыйым салынады.
🔘 ЕАЭО елдерінен әкелінетін тауарларға алдын ала төлем енгізіледі. Компаниялар Ресей аумағына кірмей тұрып, тауарға қатысты салық мөлшеріне тең соманы алдын ала аударуы қажет. Яғни өнім ішкі нарыққа шықпай жатып, бизнес өз салықтық міндеттемелерін өтейді.
Мәскеу бұл жүйе көлеңкелі импортты азайтып, ішкі нарықты қорғауға бағытталғанын айтады. Алайда сарапшылардың бір бөлігі жаңа тәртіптің ЕАЭО ішіндегі сауда айналымын тежеп, шығынды көбейтуі мүмкін екенін ескертеді.