Қытайға газ Қазақстан арқылы емес, Моңғолия арқылы өтетін болды

58

Munarmedia.kz.05.09.2025 ж. /Астана/ Ресей мен Қытай «Сібір күші – 2» жаңа магистральдық газ құбырын Моңғолия аумағы арқылы салуға келісімге келді.

Ал бұған дейін, 2020 жылы сол кездегі энергетика министрі Нұрлан Ноғаев құбырды Қазақстан арқылы өткізіп, оны Қытайдың «Батыс – Шығыс» магистральдық газ жүйесіне жалғауды ұсынған еді. Мұндай жоба елімізге транзиттік түсім әкеліп қана қоймай, ұзақ жылдан бері шешімін таппай келе жатқан Павлодар облысын газдандыру мәселесін де шешуі мүмкін болатын. Кейін, 2024 жылдың қарашасында Ресей вице-премьері Александр Новак та Қазақстан аумағымен 35 млрд текше метр газ өткізу нұсқасын атаған.

Алайда 2025 жылдың сәуірінде Қытайдың Мәскеудегі елшісі Чжан Ханьхуэй бұл сценарийді шындыққа жанаспайды деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Түркіменстаннан Қазақстан арқылы Қытайға тартылған қазіргі газ құбырының өткізу қуаты онсыз да шамадан тыс жүктелген, ал жаңа бағыттың құрылысы тым қымбатқа түсер еді.

Сондықтан Бейжің түпкілікті таңдауды Моңғолияның пайдасына жасады. Бұл елде құбыр тарту арзанырақ, логистикасы ыңғайлырақ, ал небәрі 3,5 миллион халқы бар мемлекетпен келіссөз жүргізу әлдеқайда жеңіл.

Осылайша, Ресейдің Қытайға газды Қазақстан аумағы арқылы жеткізу жоспары жүзеге аспай қалды. Бұл шешім еліміздің солтүстік-шығыс аймақтарын газдандыру жөніндегі көпжылдық үмітті де жоққа шығарды.