Munarmedia.kz.05.09.2025 ж. /Астана/ Қазақстандағы қарақалпақ диаспорасының жетекшісі Ақылбек Мұратов (Мұратбай) елдегі уақытша қамау изоляторларында (СИЗО) Орта Азиядан келген мигранттардың қиын жағдайда отырғанын айтып, қоғамға үндеу жасады. Оның айтуынша, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан өз азаматтарына тиісті қолдау көрсетпей отыр.
Белсендінің өзі Алматыдағы СИЗО-да бір жыл қамауда болған. Сол уақыт ішінде ол ондаған шетелдік азаматтың — негізінен Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстаннан келгендердің — айлап экстрадиция немесе сот шешімін күтетінін, алайда ешқандай дипломатиялық көмекке қол жеткізе алмайтынын өз көзімен көрген.
«12 ай бойы қамауда отырғанымда қырғыз, тәжік және өзбек азаматтары консулдықтарға ондаған өтініш, арыз-шағым жазды. Бірақ бірде-бір рет жауап алған жоқ. Дипломаттардың келіп, отандастарын іздегенін де көрмедік», — деп жазды Мұратов.
Оның айтуынша, мигранттарды көбіне жұмыс орындарынан — наубайханалардан, құрылыстардан тікелей ұстап әкетіп, жақындарымен байланыссыз, заңгерлік көмекке қол жеткізбестен СИЗО-ға жеткізеді.
Мұратов қамаудағы басқа азаматтарға жеке көмектескенін де баяндады: киім-кешекпен бөліскен, өтініштер жазып берген. «Жазда камераға футболка мен тәпішке киген күйі түскендер болды. Қыста камера ішінде кім не табады соны жинадық: мен етік бердім, біреу күртеше, енді біреу бас киім әкелді. Адамдар апталап жылы киімсіз экстрадицияға жөнелтіліп жатты», — деп еске алады ол.
Белсенді мигранттардың физикалық оқшаулаудан бөлек, ақпараттық оқшауда да қалғанын айтады. Көп жағдайда оларға бір қоңырау шалуға мүмкіндік берілмейді, хаттары жетпейді, ал мемлекет тағайындаған адвокаттар тек бір рет көрініп қояды. «Мемлекеттік адвокаттардың шынайы араласпауы салдарынан адамдарға негізсіз қатаң жаза тағайындалды, айыппұлдары да заңгерлік қолдауы болса әлдеқайда аз болуы мүмкін еді. Кейбірі жаңа төлқұжат ала алмай, шартты түрде мерзімінен бұрын босау құқығынан айырылды», — дейді Мұратов.
Белсенді сонымен қатар өзбек консулдарының бұған дейін «әрбір ұсталған отандас үшін жеке жауап береміз» деген мәлімдемелерін еске салды. Алайда оның сөзінше, тұтқында болған бүкіл уақытында дипломатиялық миссия өкілдері бірде-бір рет келмеген.
«Қызығы, Алматыдағы қазіргі Өзбекстан консулы Қарақалпақстаннан шыққан. Осы жарияланымым арқылы ең болмаса жерлестік тұрғыда болса да, мәселе Сыртқы істер министрлігіне жетеді деп сенемін», — деп түйіндеді белсенді.