Munarmedia.kz.25.07.2027 ж./Астана/-19 шілдеде Қытай Тибет аумағындағы Ньингчи қаласында, Үндістан шекарасына жақын жерде, әлемдегі ең қуатты гидроэлектр станциясының (ГЭС) құрылысын ресми түрде бастады. Бұл жоба алғаш рет 2020 жылы Қытайдың 14-бесжылдық жоспары аясында ұсынылып, 2024 жылдың соңында ресми бекітілген еді.
Жоба бес сатылы каскадты су электр станцияларынан тұрады. Құны — 1,2 трлн юань (шамамен $167 млрд). Құрылысты және кейінгі пайдалану жұмысын арнайы құрылған China Yajiang Group мемлекеттік корпорациясы жүзеге асырады. Негізгі мақсат – артық энергияны экспортқа шығару, бірақ оның бір бөлігі Тибеттің ішкі қажеттіліктерін де қамтиды.
Ярлунг Цангпо өзені Тибеттен бастау алып, Үндістан аумағына өтіп (онда Брахмапутра деп аталады), Бангладешке жалғасады. Үндістан мен Бангладеш су ресурстарына, ауыл шаруашылығына және экологияға ықтимал әсеріне байланысты алаңдаулы.
Пекин көршілес мемлекеттерді тыныштандыруға тырысып, жоба экожүйелерге, геологиялық қауіпсіздікке және су ресурстарына зиян келтірмейтінін мәлімдеді. Қытайдың Сыртқы істер министрлігі СЭС табиғи апаттардың алдын алу, климаттың өзгеруіне бейімделу және өңірлік энергетикалық ынтымақтастықты нығайтуға көмектесетінін атап өтті.
Алайда Үндістан мен Бангладеш Қытайдың су ағынын саяси дағдарыстар кезінде бақылау мүмкіндігіне байланысты алаңдаушылығын жасырмайды. Экологтар да Гималайдың нәзік экожүйесіне, биоәртүрліліктің жойылуына және жергілікті халықтың мәжбүрлі қоныс аударуына қатысты қауіптерді ескертуде.
Көпжылдық шекаралық даулы аймақтарға байланысты Үндістан өз су ресурстарын бақылауды күшейту үшін гидроэнергетикалық жобаларын жеделдетіп отыр. Қытай Аруначал-Прадеш штаттарын «Оңтүстік Тибеттің» бөлігі деп санайды, ал Үндістан бұл жерлерді өзінің ажырамас аумағы деп атап келеді.
Фото: ашық дереккөздер