Munarmedia.kz 18.12.2025 /Астана/ -Қырғызстанда әлеуметтік желілерде тараған видео елді дүр сілкіндірді. Кадрларда сол сәтте қызметтен кеткен ғылым, жоғары білім және инновациялар министрі Бахтияр Орозовтың автокөлік тізгінінде мас күйде отырғаны көрінеді. Бұл оқиға қоғамда кең талқыланып, саяси деңгейдегі шешімге ұласты.
Қырғыз Республикасы ІІМ Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бас басқармасының мәліметінше, Орозов 15 желтоқсанға қараған түні сағат 01:40-та алкогольдік мас күйде көлік басқарғаны үшін ұсталған. Экс-министрдің өзі тек сыра ішкенін айтқан.
Арада көп өтпей, Орозовтың мемлекеттік және муниципалдық қызметшілердің әдеп нормаларын сақтамауына байланысты министр қызметінен босатылғаны белгілі болды.
Саясаттанушы, білім беру саласының сарапшысы Алмаз Тәжібай Asia-Today басылымына берген сұхбатында бұл отставканы «күтілетін шешім» деп бағалады.
«Саясаткерлер жалпыға ортақ мінез-құлық нормаларын сақтауы тиіс. Әсіресе алкоголь қолдану мәселесінде. Ондай жағдай мүлде болмағаны немесе тым құрыса жабық кеңістікте өткені жөн. Қытайда бұл әлі күнге дейін қатаң бақылауда. Бұрын мұндай тәжірибе кеңестік кезеңде де болған», — дейді сарапшы.
Оның айтуынша, Қырғызстанда “саяси мектеп” қалыптаспаған, ал мас жүргізушілер қатысатын жол-көлік оқиғалары жиілеп тұрған жағдайда мұндай жанжалдар қоғамдық сенімге ауыр соққы болып тиеді.
«Бұл — заң бұзушылық. Әлі күнге дейін жолда адам өліміне әкелетін ауыр трагедиялар болып жатыр, оның басты себептерінің бірі — мас күйінде көлік жүргізу. Саған сенім артылған соң, белгілі бір стандарттарды ұстануға міндеттісің. Мұны көпшілік ескере бермейді. Таксиге ақша қимағаны үшін ол президенттің де, биліктің де сенімінен айырылды. Оның үстіне, әңгіме министр туралы болып отыр», — деп түйіндеді Алмаз Тәжібай.
Алайда бұрынғы Жогорку Кенеш депутаты Исхак Масалиев бұл шешімге біржақты баға беруге асықпау керектігін айтты. Ол Орозовтың қызметтен кетуіне басқа да себептер болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
«Мұндай әрекетке баруға болмайтын еді, бұл министр лауазымына лайық қылық емес. Дегенмен тек сөгіспен шектелуге де болар еді. Бәлкім, біз білмейтін өзге де себептер бар шығар», — деді экс-депутат.
Айта кетейік, Бахтияр Орозов 2025 жылдың мамыр айында, Білім және ғылым министрлігі қайта ұйымдастырылып, оның негізінде екі бөлек ведомство құрылғаннан кейін министр лауазымына тағайындалған болатын.
Бұл жағдай Қырғызстанда мемлекеттік қызметкерлердің жеке мінез-құлқы мен қоғамдық жауапкершілігі мәселесін қайтадан күн тәртібіне шығарды. Қоғам үшін басты сұрақ — мұндай оқиғалар жүйелі саяси мәдениетті қалыптастыруға сабақ бола ала ма, әлде кезекті дау ретінде ұмыт қала ма?