Munarmedia.kz 08.06.2025 /Астана/-Әлемдегі ең биік Ленин ескерткіштерінің бірі әрі Қырғызстандағы ең биік мүсін – Ош қаласындағы әкімшілік ғимаратының алдында 1975 жылы орнатылған 23 метрлік ескерткіш 7 маусымға қараған түні алынғанын «Орда» басылымы Kaktus Media-ға сілтеме жасап хабарлады.
Оның орнына биіктігі 95 метрлік ұлттық ту ілінетін флагшток орнатылмақ. Ал Лениннің ескерткіші Оштағы «Мээрим» қалалық саябағына көшіріледі.
Соңғы жылдары ескерткішке қатысты қоғамда үлкен пікірталас болған: бір тарап оны тарихи мұра ретінде қалдыруды талап етсе, екіншісі оны жою қажет деп есептеді.
Қалалық әкімдік бұл жағдайға саяси реңк бермеуге шақырып, ескерткішті көшіру – қаланың сәулеттік келбетін жақсартуға бағытталған қалыпты тәжірибе екенін айтты. Сонымен қатар, әкімдік Ресейдің бірнеше қаласында да Ленин ескерткіштері алынып, басқа орынға көшірілгенін еске салды.
Алайда Қырғызстан коммунистер партиясы Ош әкімдігінің әрекетіне қатысты тексеріс жүргізуді талап етті. Партия төрағасы Исхақ Масалиев бұл шешімді «масқара» деп атап, шенеуніктерді «тарихи-мәдени мұраны бұзып, коммерциялық пайда көздеуде» деп айыптады.
Жыл басында Жогорку Кенештің вице-спикері Нурбек Сыдығалиев Бішкектегі Ескі алаңда тұрған Ленин ескерткішін алып тастап, оның орнына Қырғыз КСР Компартиясының бірінші хатшысы Турдакун Усубалиевке ескерткіш қоюды ұсынған болатын.
📸 Фото: Kaktus Media