Қырғызстанда 2026 жылғы 1 сәуірден бастап мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы 100 пайызға өседі

11

Munarmedia.kz 29.12.2025 /Астана/  Бұл туралы Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 25 желтоқсанда өткен IV Халықтық құрылтайда мәлімдеді.

Мемлекет басшысының айтуынша, бастапқыда министрлер кабинеті еңбекақыны 50 пайызға индекстеуді жоспарлаған. Бұл жөнінде бұған дейін Үкімет төрағасы Адылбек Қасымалиев баяндама жасаған болатын. Алайда қосымша кеңес өткізіліп, бюджеттік мүмкіндіктер қайта қаралғаннан кейін билік жалақыны екі есе арттыру туралы шешім қабылдаған.

Жаңа еңбекақы есептеу жүйесі базалық бөлікті ұлғайтуды және арнайы қосымша төлем енгізуді көздейді.

«Кеше біз арнайы кеңес өткіздік, барлық есептеулер қайта қаралды. Жалақыға бір тарифтік мөлшерлеме және 15 мың сом көлемінде президенттік өтемақы қосуды жөн көрдік. Осылайша мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы 100 пайызға өседі», — деді Садыр Жапаров.

Президенттің айтуынша, қаржылай қолдау әлеуметтік сала қызметкерлерінің кәсіби беделін қалпына келтіруге ықпал етуі тиіс. Ол мұғалімдер мен медицина қызметкерлеріне қатысты агрессия мен құрметсіздік көріністерін қатаң сынға алып, мұндай әрекеттерді «шектен шыққан мәдениетсіздік» деп атады.

Садыр Жапаровтың сөзінше, мұғалімдер елдің болашағын қалыптастырса, дәрігерлер ұлт денсаулығын сақтайды. Сондықтан мемлекет бұл сала қызметкерлеріне лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз етіп, қоғамдағы беделін арттыруға міндетті.