Munarmedia.kz 29.12.2025 /Астана/ Мәжіліс депутаттары Сенат енгізген түзетулермен келісіп, құжат Парламентте толық қабылданды. Қазіргі уақытта Құрылыс кодексі Мемлекет басшысының қол қоюына жолданды.
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновтің айтуынша, Құрылыс кодексі Мәжіліс тарапынан 2025 жылғы 26 қарашада қабылданып, 1038 позициямен Сенатқа жіберілген. Сенаторлар құжатқа 27 түзету ұсынған, алайда олардың барлығы нақтылаушы сипатта болып, кодекстің жалпы тұжырымдамасын өзгертпейді.
Атап айтқанда, түзетулерде мәслихаттар мен әкімдіктер арасындағы өкілеттіктерді бөлу тетіктерін нақтылау, сондай-ақ жобалау құжаттамасын әзірлеу және келісу, қала құрылысы шешімдеріне қатысты бірқатар баптардың тұжырымдарын жетілдіру көзделген.
Депутаттардың айтуынша, жаңа Құрылыс кодексі құрылыс саласындағы рәсімдерді жүйелеуге, басқару деңгейлері арасындағы жауапкершілікті айқындауға және қала құрылысы қызметінің ашықтығын арттыруға бағытталған.
Фото: Freepik