Munarmedia.kz 29.12.2025 /Астана/ Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жүргізген зерттеу нәтижесіне сәйкес, бүгінде әрбір үшінші қазақстандық есеп айырысуда қолма-қол ақшаны таңдауда.
Зерттеу деректеріне қарағанда, бір жыл ішінде қолма-қол төлемдердің үлесі 25,5 пайыздан 37 пайызға дейін өскен. Сарапшылар бұл үрдістің алдағы кезеңде де жалғасуы мүмкін екенін атап өтеді.
Мамандардың пікірінше, келесі жылы қолма-қол ақша айналымының көлемі қолма-қол емес төлемдерден асып түсуі ықтимал. Бұған жаңа Салық кодексінің енгізілуі әсер етпек. Аталған құжатқа сәйкес, барлық қолма-қол емес операциялар мемлекеттік органдар үшін толықтай ашық әрі бақылауға алынатын болады.
Осыған байланысты бизнес өкілдері өз клиенттерін қолма-қол есеп айырысуға ынталандыру үшін тауарлар мен қызметтерге жеңілдіктер ұсына бастағаны байқалады.
Сарапшылар қолма-қол ақшаға сұраныстың артуы көлеңкелі экономиканың ұлғаю қаупін де күшейтуі мүмкін екенін ескертіп, бұл үрдіс қаржы нарығындағы теңгерімге әсер етуі ықтимал екенін атап отыр.