Қырғызстан астанасы Бішкек қаласының әкімдігі Еуропалық одақ алдындағы қарыздық міндеттемелерге тап болды.

8

Munarmedia.kz 29.12.2025 /Астана/  Бұған дейін бөлінген қаржының мақсатсыз жұмсалуы салдарынан муниципалитет бірнеше жыл бойы қаржылық жүктемені өз мойнына алуға мәжбүр.

Еуропалық одақ Қырғыз Республикасының астанасында қоқыс өңдеу зауытын салу үшін 22 млн еуро көлемінде қаржы бөлген. Аталған транш 2020 жылға дейін игерілуі тиіс болған.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қоқыс өртеу зауытының ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде, бөлінген қаржының 16 млн еуросы бұрынғы шенеуніктер тарапынан мақсатсыз жұмсалып, нақты құрылыс жүргізілмегенін мәлімдеді. Ал 6 млн еуро банк шотында қалған.

«Бұл қаржыны біз қайтардық, ал қалған бөлігін қазір қала әкімдігі өтеп жатыр. Яғни, муниципалитет іс жүзінде салынбаған нысан үшін, бейнелеп айтқанда, “желінбеген самсаға” ақы төлеуде», — деді мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, қазіргі таңда Бішкекте қоқыс өңдеу зауытын салған қытайлық компаниямен инвестициялық келісімдер жасасу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Болашақта осындай кәсіпорындарды Ош, Қаракөл және Жалал-Абад қалаларында да салу жоспарланып отыр.

Бішкек қаласы ұзақ жылдар бойы тұрмыстық қатты қалдықтарды (ТҚҚ) өңдеу мәселесін өткір сезініп келді. Күн сайын полигондарға 1,5 мың тоннаға дейін қоқыс шығарылып, бұл қаланың экологиялық ахуалына айтарлықтай кері әсерін тигізген.

2024 жылы Қырғызстан Министрлер кабинеті «Цзюньсинь Хуаньбао Кей Жи Инвест» ЖШҚ-мен қалдықтарды кәдеге жаратудың заманауи технологияларын енгізу жөнінде инвестициялық келісімге қол қойған. Жобаның жалпы инвестициялық көлемі 95 млн АҚШ долларын құрайды. Зауыт құрылысына 12 гектар жер телімі бөлініп, қаржыландыру толықтай инвестор есебінен қамтамасыз етілген.

Сарапшылардың пікірінше, аталған жоба Бішкектегі экологиялық жағдайды жақсартуға және қалдықтарды басқару саласындағы жүйелі проблемаларды шешуге мүмкіндік береді.