Munarmedia.kz 29.12.2025 /Астана/ Бұл туралы 27 желтоқсанда Ауғанстанның сыртқы істер министрі Әмір Хан Моттаки хабарлады.
Бұған дейін Тәжікстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің баспасөз орталығы соңғы бір айда ел аумағында Ауғанстан тарапынан жасалған үш трансшекаралық террористік шабуыл тіркелгенін, оның соңғысы 23 желтоқсанда болғанын хабарлаған еді.
Ауғанстандық бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, Әмір Хан Моттаки Тәжікстанның сыртқы істер министрімен келіссөздер жүргізгенін айтып, тараптар осындай оқиғалардың қайталануына жол бермеу мақсатында бірлесіп жұмыс істеуге келіскенін жеткізді.
«Белгілі бір арам пиғылды топтар көрші мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты бұзуға және өңірде тұрақсыздық бар деген әсер қалыптастыруға тырысуы мүмкін екені бізді алаңдатады», — деді Ауғанстан сыртқы істер министрі.
Сонымен қатар Моттаки Ауғанстанның өз аумағын қорғауға дайын екенін және келіссөздер барысында ұлттық мүдделерін қатаң қорғайтынын атап өтті.
«Біз Ауғанстанның қайтадан ірі державалар арасындағы қарсыластық пен бәсекенің алаңына айналуын қаламаймыз. Біздің мақсатымыз — елді сауда мен өзара байланыстарды кеңейтудің орталығына айналдыру», — деді ол.
Министр мәселелерді диалог арқылы шешудің маңыздылығына тоқталып, Ауғанстанның «өңірлік ынтымақтастық пен экономикалық өркендеуге ұмтылатынын» тағы да атап өтті. Оның айтуынша, Ауғанстан экономикасы көршілес мемлекеттердің экономикасымен тығыз байланысты.
Ауған дипломатиясының басшысы бұл мәлімдемелерін Кеңес әскерлерінің Ауғанстанға енгізілгеніне 46 жыл толуына арналған іс-шара барысында жасады.