Қырғыз елінің Ош қаласында бұрынғы шенеуніктер мен депутаттарға тиесілі нысандар сүруде

81



Munarmedia.kz. 5.08.2025 ж. /Астана/-Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош қаласында бұрынғы мемлекеттік және саяси қызметкерлерге тиесілі бірнеше ғимаратты жергілікті билік заңсыз деп танып, мәжбүрлі түрде сүру жұмыстарын бастады. Бұл туралы бірқатар қырғыз ақпарат құралдары хабарлады.

Сүруге жатқызылған нысандар Ош қаласындағы Насирдин Исанов көшесінің бойында, Ақ-Буура өзенінің жағалауында орналасқан. Яғни, бұл аумақ — су қорғау белдеуі мәртебесіне ие, ал онда құрылыс жүргізу Қырғыз Республикасының заңнамасына қайшы.

Ош қалалық әкімдігінің мәліметінше, сүріліп жатқан негізгі нысандардың арасында:

  • «Эрдент» стоматологиялық клиникасы — иесі бұрынғы салық қызметінің жоғары лауазымды қызметкері Эрмек Чоюнов;

  • «Байсан» мейрамханасы — экс-депутат әрі Жогорку Кенештің бұрынғы төрағасы Ахматбек Келдибековке тиесілі;

  • Автомектеп — бұрынғы спикер Асылбек Жээнбековтің меншігі;

  • Бірқатар сауда және қызмет көрсету нысандары (кафелер, павильондар және т.б.) — экс-депутат Урмат Аманбаева мен Қырғызстанның АҚШ-тағы бұрынғы елшісі Бакытбек Аманбаевқа (ағайынды) тиесілі.

Сондай-ақ, әкімдік Ош қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Нурбек Кадыровтың жеке үйінің сүрілу сәтінен бейнематериал жариялады.

Ақпарат құралдарының жазуынша, аталған нысандардың иелеріне заңсыз құрылыс жүргізілгені туралы бұған дейін бірнеше рет еріксіз бұзу туралы ескертулер жолданған. Алайда талаптар орындалмағандықтан, 4 тамыз күні Ош қаласының әкімдігі демонтаж жұмыстарын өз күшімен бастап кетті. Барлық меншік иелері бұл жөнінде ресми түрде алдын ала хабардар етілген.

Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, босатылған аумақта қоғамдық парк салу жоспарланып отыр.