Munarmedia.kz. 5.08.2025 ж. /Астана/-Алматы облысының прокуратурасы Хасан Қасымбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша айыптау актісін бекітті. Ол адам ұрлау және қасақана ауыр дене жарақатын салу фактілері бойынша күдікке ілініп отыр. Аталған оқиға 2021 жылғы маусымда орын алған. Іс Талғар аудандық сотына жолданды.
Қасымбаев 2024 жылғы қараша айында ұсталып, қазіргі уақытта ҚР ІІМ ҚАЖК-нің №72 мекемесінде қамауда отыр. Кейбір жергілікті тұрғындар оны Талғар өңірінде әрекет етеді делінетін ұйымдасқан қылмыстық топ — «Хуторские» құрамымен байланыстырады. Алайда ҚР Ішкі істер министрлігі мен прокуратура бұл топтың ресми тіркелгенін жоққа шығарып отыр.
2024 жылғы қазан айында Талғар қаласында орын алған қақтығыс кезінде 16 жастағы жасөспірім Шерзат Полат өлтірілген болатын. Қоғамда бұл іске де «Хуторские» топтамасының қатысы бар деген болжамдар айтылған. Осы оқиғадан кейін жергілікті билік қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында Талғарға Ұлттық ұлан бөлімшелерін жіберген еді. Қасымбаев болса, өзін ұйымдасқан топпен байланыстыруды терістеді. Ал ІІМ өкілдері «Хуторские» деген қылмыстық топ ресми түрде тіркелмегенін мәлімдеді.
Қаза тапқан жасөспірімнің әкесі — Қаржаубай Нұрымов 2024 жылғы қазанда «Жас Алаш» арнасына берген сұхбатында Хасан Қасымбаев туралы пікірімен бөлісті:
«Мен Хасанмен жеке таныс емеспін. Бірақ ол Талғарды бақылауда ұстап отырған, бандиттердің басшысы дегенді естідік. Айтуларынша, кім ұнамаса, көзін құртады екен. Ағасы әкімдікте жұмыс істейді дейді. Сондай-ақ, Талғардағы мейрамханалар, дүкендер, сауда орындары оған ақша беріп отырады деседі. Тіпті 90-жылдардағыдай кафелерге кіріп, ақша талап ететіндер бар көрінеді. Бірақ маған ондай ешкім келмеді. Жалпы, Талғардағы әкімдік, полиция, прокуратурада әділдік жоқ. Полиция да жемқор. Жыл сайын «хуторские» адам өлтіреді. Күндіз жүріп біреудің көзін ойып тастаған жағдай да болған. Қыздарды зорлайды екен дейді», — деген Нұрымовтың сөздерін журналистер келтірген.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев бұл мәселеге қатысты құқық қорғау органдарының талдауы «мұндай ОПТ-ның нақты бар екенін растайтын сенімді дәлелдер таппағанын» атап өтті:
«Әр өңірдің өз көлеңкелі тұстары бар. Бірақ алыпқашпа әңгімелерге сене беру дұрыс емес. Бізге түрлі факторлар әсер етеді, сондықтан оқиғаларды шектен тыс жеке қабылдаймыз. Ұйымдасқан топтардың нақты құрылымы, мақсаты болуы тиіс. Қазіргі деректер бойынша мұндай топ біздің өңірде жоқ», — деді ол.
Прокуратура өкілі Берік Адамов та әріптестерінің мәлімдемесін қолдады:
«Талғар ауданында «Хутор» деп аталатын аумақ бар, тұрғындар арасында да ‘хуторские’ деген атау сол жерге байланысты қалыптасқан. Бұл – жай ғана бейресми лақап ат», — деді прокурор.
Айта кету керек, Алматы облыстық соты 2025 жылғы 5 маусымда Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша айыпталғандарға үкім шығарды. Алайда сотталушылардың ешқайсысы «Хуторские» атты ОПТ-мен байланысы барын мойындамады. Дегенмен заңгер Жохар Өтебеков аталған іске «хуторские» тобының қатысы болғанын айтып, оларды жауапкершіліктен әдейі алып қалғанын мәлімдеді.
Соңғы мәлімет бойынша, Шерзат Полаттың нағашы ағасының өліміне қатысты іс тоқтатылған. Қаза тапқан жасөспірімнің отбасы адвокаты істі қайта қарау туралы өтініш түсіретінін мәлімдеді.