MUNARMEDIA.KZ, 29.04.2025 | АСТАНА — Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Гүо Жякүнь 28 сәуір күні өткен баспасөз мәслихатында Қытай мен АҚШ басшылары арасындағы байланыс туралы тараған ақпаратты жоққа шығарды.
Журналистер тарапынан қойылған: «АҚШ Президенті Дональд Трамп 22 сәуірде “Time” журналына берген сұхбатында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин оған телефон шалып сөйлесті деген мәлімдеме жасады. Бұл туралы Қытай тарапы қандай ұстанымда?» — деген сұраққа жауап берген Гүо Жякүнь: «Менің білуімше, соңғы уақытта екі ел басшылары арасында телефон арқылы сөйлесу болмаған», — деді.
Сондай-ақ ол: «Қытай мен АҚШ арасында кедендік тарифтерге қатысты ешқандай келіссөздер жүріп жатқан жоқ екенін тағы да нақтылаймыз», — деп мәлімдеді.
Бұл мәлімдеме АҚШ пен Қытай арасындағы экономикалық және дипломатиялық қарым-қатынастарға қатысты қоғамдық пікірде туындаған күмәндерді сейілтуге бағытталғаны байқалады.