MUNARMEDIA.KZ, 29.04.2025 | АСТАНА — Украина Президенті Владимир Зеленский Ресей басшысы Владимир Путиннің 9 мамыр қарсаңында Украинада атысты үш күнге тоқтату туралы ұсынысын «қулық» деп атап, бұл әрекетті халықаралық қауымдастықты адастыруға бағытталған айла-шарғы деп бағалады.
Дүйсенбі, 28 сәуір күні кешке жасаған үндеуінде Зеленский: «Украинадағы соғысты тоқтату үшін біз барлық серіктестерімізбен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Бірақ Ресей тарапы кез келген келіссөзді жоққа шығарып, әлем жұртшылығын, соның ішінде АҚШ-ты да алдауға тырысуда», — деді.
Бұл мәлімдеме Ресей президентінің Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына орай 8-10 мамыр аралығында Украинада атысты тоқтату туралы ұсынысына жауап ретінде айтылды.
Зеленский бұл бастаманың артында шын бейбіт ниет емес, саяси есеп пен алдау жатқанын ашық мәлімдеді: «Қазір ол тағы бір айла-шарғы жасап отыр. Белгісіз себептермен барлығы 8 мамырға дейін күтіп, парад кезінде Путинге тыныштық беру үшін атысты тоқтатуға тиіс деген ой қалыптастыруға тырысуда», — деді ол.
Украина басшысы сөзін жалғастырып: «Біз парадты емес, адамдардың өмірін бағалаймыз. Сондықтан әлем мен Украина 8 мамырға дейін күтудің еш себебі жоқ деп санайды», — деді.
Зеленский Ресейдің қысқа мерзімді атысты тоқтату арқылы уақыт ұтып, кейін қайта шабуылға көшетініне сенімді екенін жеткізді: «Бірнеше күнге ғана атысты тоқтату жеткіліксіз. Олар артынан тағы да қантөгіс жасайды. Бізге кемінде 30 күндік шұғыл, толық әрі шартсыз атысты тоқтату қажет. Сонда ғана бұл шынайы және сенімді қадам болмақ», — деді Украина Президенті.