Munarmedia.kz.24.07.2025/Астана/
Бұған дейін біз Жетісу облысының Кербұлақ аудандық полиция бөлімінің бастығы мен оның бауырларына тиесілі жеке шаруашылықта ауыл тұрғыны Олег Рыбалко бес жыл тракторшы болып жұмыс істеп, осы уақыт ішінде бір тиын да жалақы алмағаны туралы жазған болатынбыз.
Олег Рыбалко ІІМ басшысы мен Жетісу облыстық ПД басшысының атына бейнеүндеу жолдап, бұрынғы жұмыс берушілер тарапынан еңбекке қанау мен қорқытуға ұшырағанын айтып шағымданды. Ол өзін қорғауды және ұсталып қалған 15 млн теңге еңбекақысын қайтаруға көмектесуді сұраған.
Ауыл тұрғынының мүддесін алматылық адвокат Сержан Пралиев қорғап жүр. Ол полиция бөлімінің бастығы мен оның бауырына талаппен шыққан, бірақ нәтиже болмаған. Осыдан соң ресми шағым түсірген.
Біздің мақала жарияланғаннан кейін Жетісу облыстық ПД-ның жеке құрам инспекциясы дереу әрекет етіп, редакцияға хабарлама жолдап, Олег Рыбалко мен оның өкілінің уәждерін тексеруге және шара қолдануға уәде берген.
Алайда кейін адвокат Пралиев қызметтік тексерістің формалды түрде өткенін, ал бұрынғы жұмыс берушілердің Рыбалкоға жалақысын әлі төлемегенін мәлімдеді.
Бұған дейін адвокат Жетісу облысының прокуроры атына да шағым түсірген еді, бірақ оған да формалды жауап қана келген.