Дональд Трамп АҚШ-тың ЮНЕСКО мүшелігін тоқтатуды тапсырды

66

Munarmedia.kz.24.07.2025/Астана/-Бұл жөнінде Reuters агенттігі екі дипломатқа сілтеме жасап, ал New York Post – президент әкімшілігіндегі аты-жөнін атағысы келмеген дереккөзге сүйеніп хабарлады. Ақпаратты Ақ үйдің баспасөз хатшысының орынбасары Анна Келли растады.

New York Post-тың мәліметінше, Трамп әкімшілігі ЮНЕСКО-ның көптүрлілік, теңдік және инклюзивтілік саясатына, сондай-ақ ұйымның «палестиналық және қытайшыл бағытына» келіспейді.

«Қытай ЮНЕСКО-дағы өз ықпалын Бейжіңнің мүддесіне сай келетін әлемдік стандарттарды ілгерілету үшін пайдаланды», – деп мәлімдеді Трамп командасындағы дереккөз басылымға.

АҚШ алғаш рет 1984 жылы Рональд Рейган әкімшілігі кезінде ЮНЕСКО құрамынан шыққан еді, кейін 2003 жылы Джордж Буш-кіші тұсында қайта кірді. 2017 жылы Дональд Трамп елдің ұйымнан шығуын бастамалап, алты жыл өткен соң Джо Байден Қытайдың күшейіп келе жатқан ықпалына қарсы тұру үшін АҚШ-ты қайта оралтқан болатын.