Munarmedia 25.12.2025 / Астана / Қостанай облысында медициналық жабдықтарды жеткізу кезінде миллиардтаған қаржы жымқыру деректері анықталды
Қазақстан Республикасының Қостанай облысы прокуратурасы өңірдің өзге де құқық қорғау және уәкілетті органдарымен бірлесіп, медициналық жабдықтарды сатып алу саласында сыбайлас жемқорлық схемасын әшкереледі.
Қадағалаушы органның мәліметінше, өңірдегі бірқатар медициналық ұйымдар нақты қажеттілік болмаған жабдықтарды нарықтағы бағасынан бірнеше есе қымбат құнмен сатып алған. Келтірілген материалдық шығын көлемі 2 миллиард теңгеден асқан.
Аталған фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалды. Тергеу аясында Қостанай облысы әкімдігінің «Денсаулық сақтау басқармасы» ММ-нің бұрынғы басшысы, қазіргі басшысының орынбасары, аудандық аурухананың бас дәрігері және медициналық жабдық жеткізуші тұлға ұсталды.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.