Munarmedia 25.12.2025 / Астана / –Польша Республикасынан Қазақстанға Украина азаматы экстрадицияланды. Ол адам ағзаларын заңсыз саудалауға қатысы бар деген күдікке ілінген. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мәлімдеді.
Ведомствоның хабарлауынша, аталған әйел 2017–2018 жылдары трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың (ҰҚТ) құрамында болып, адам ағзаларын сатып алу және сату әрекеттерімен айналысқан деген күдікке алынған.
Тергеу деректеріне сәйкес, аталған ҰҚТ тірі адамдардың ағзаларына қатысты 56 заңсыз мәміле ұйымдастырған. Ағзаларды трансплантациялау Қазақстан Республикасындағы бірқатар денсаулық сақтау ұйымдарында жүргізілгені анықталған.
Ағымдағы жылдың наурыз айында Польша аумағында адам ағзаларының заңсыз айналымымен айналысқан халықаралық қылмыстық топқа қатысқаны үшін сотталған Украина азаматы ұсталып, оны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі көтерілген болатын.
Польша тарапының мәліметінше, аталған қылмыстық топ Қазақстан, Армения, Әзербайжан, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Таиланд аумақтарында 56 жәбірленушінің бүйрегін заңсыз алып, ауыр қылмыстар жасаған.