Munarmedia.kz 28.08.2025 /Астана/2025 жылғы 25 тамызда Қазақстанның Қостанай облысында медициналық жабдықтарды сатып алу кезінде қызметтік өкілеттігін теріс пайдалануға күдік келтірілген облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы, аудандық аурухананың бас дәрігері және жеке коммерциялық кәсіпорынның директоры ҰҚК қызметкерлері тарапынан ұсталды. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
2025 жылғы 26 тамызда арнайы тергеу сотының санкциясымен аталған тұлғаларға қатысты "қамауда ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
«Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 361-бабының 4-бөлігі, 3-тармағы бойынша ("Қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану") сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», — делінген ведомство таратқан ресми ақпаратта.
Прокуратура өкілдері тергеудің мүддесі үшін өзге ақпараттар жария етілмейтінін мәлімдеді.
Айта кетейік, 2025 жылғы 15 шілдеде Қостанай облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі Данияр Жандаевтың жеке себептерге және қоныс аударуына байланысты қызметінен өз еркімен кеткенін хабарлаған болатын. Ол аталған басқарманы 2022 жылдан бастап басқарған.