Munarmedia.kz 28.08.2025 /Астана/ Ресейдің Ленинград облысындағы Усть-Луга портына жасалған дрон шабуылы қазақстандық мұнай транзитіне әсер еткен жоқ. Мұнай жеткізу процестері қалыпты режимде жалғасуда. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Интерфакс» агенттігі хабарлады.
«Ленинград облысындағы Усть-Луга портына дронмен жасалған шабуыл аталған бағыт бойынша экспорттық мұнай жеткізілімдеріне әсер етпеді», — делінген ресми хабарламада.
Қазақстандық мұнай Усть-Луга мен Новороссийск порттарына «Атырау – Самара» мұнай құбыры арқылы жеткізіледі. Бұл құбыр – еліміздің экспорттық тасымал көлемі бойынша екінші маңызды бағыт болып саналады. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында осы маршрут арқылы 5 млн тонна мұнай тасымалданған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4%-ға артық.
2025 жылғы 24 тамыз күні таңертең Усть-Луга портында дрон шабуылы салдарынан «Новатэк» компаниясына тиесілі терминалдан өрт шыққан болатын. Оқиға орнына арнайы өрт сөндіру пойызы жіберілді. Аймақтық билік алты сағаттан кейін қалпына келтіру және жөндеу жұмыстарының басталғанын хабарлады.
Аталған терминал газ конденсатын мұнай өнімдеріне өңдеп, оларды теңіз арқылы экспорттауға бағытталған инфрақұрылым нысаны ретінде қызмет атқарады. Залал деңгейі мен қалпына келтіру жұмыстарының мерзімі туралы әзірге ресми ақпарат берілмеген.
Бұған дейін де қазақстандық мұнайды Еуропаға жеткізуге арналған маңызды бағыттардың бірі — «Дружба» мұнай құбыры украин дрондарының шабуылына ұшыраған болатын.