Munarmedia.kz 28.08.2025 /Астана Армия қатарында қаза тапқан немесе мүгедек болып қалған сарбаздардың ата-аналары Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне қарасты азаматтарды қабылдау бөлімі алдына қайта жиналып, наразылық акциясын өткізді.
Наразыларды Президент әкімшілігі өкілдері, әскери прокуратура қызметкерлері және Қорғаныс министрлігінің өкілдері қабылдады.
«Біз тағы да өз талабымызды жеткіздік. Ұлдарымыздың өліміне қатысты істер бойынша тергеу барысындағы заң бұзушылықтарды қайта тізіп шықтық. Бұл оныншы мәрте қайталап отырмыз: қылмыстық істер суицид немесе жазатайым оқиға ретінде қайта сараланып жатыр, ал бізде бұл – кісі өлтіру екенін дәлелдейтін жеткілікті айғақтар бар», — деді марқұм Алмас Шахимовтың анасы Индира Тұғанбаева.
Алмас Шахимов 2022 жылдың тамызында Алматы қаласындағы Ұлттық ұлан бөлімшесінде қызмет етіп жүрген кезінде оқу-жаттығу полигонында қаза тапқан. Ресми нұсқада оған шатыр құлағаны айтылса, тәуелсіз сарапшы оның денесінен пышақ іздерін анықтаған.
Наразылық шарасына 2022 жылы әскери борышын өтеп жүріп оқ жарақатын алып, мүгедек болып қалған Ұлан Мұсаев та қатысты. Оны автоматпен самай тұсынан атқан. Алайда тергеу бұл оқиғаны да өз-өзіне қол жұмсау деп тіркеген. Қазір Ұлан арбаға таңылған.
Оның анасы – Гүлмира Макажанованың айтуынша, баласы есін жиғаннан кейін «маған кім оқ атты?» деп сұраған. Әйел 3 жылдан бері Қорғаныс министрлігі мен әскери-тергеу басқармасының табалдырығын тоздырып келеді. Ол әділ тергеуді, сондай-ақ баласының оңалтуы үшін мемлекеттен материалдық көмек беруді талап етуде.
Ондаған ата-ана – дені сау, жас баласын мемлекетке сеніп тапсырған жандар – бүгінде әділдік сұрап, есіктерді қағып жүр. Көпшілігінің істері бойынша ешқандай қозғалыс жоқ. Кейбір істер жасырын түрде жабылып қалады, ал ата-аналарға бұл туралы хабар да берілмейді.
«Біз бұл жолы соңғы рет тыныш түрде келдік. Егер тағы да өзгеріс болмаса, біз амалсыздан өзімізге қол жұмсауға дайынбыз.
Шын мәнінде, біз өзімізді өртеуіміз керек пе – есту үшін? Біздің елде жүйенің қозғалысы үшін біреу өлуі керек қой», — деді көз жасына ерік берген Индира Тұғанбаева.
Қорғаныс министрлігінде жақын арада ата-аналармен ресми кездесу өтетіні уәде етілді.
Еске салайық, шілде айында редакциямызға бір ана хабарласып, ұлын әскерге күштеп әкетіп, кейін психиатриялық ауруханаға жатқызғанын айтқан. Әйелдің сөзінше, баласын әскери бөлімде соққыға жыққан.