Munarmedia.kz.15.09.2025 ж. /Астана/ - Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) 2025 жылғы 8 қыркүйекте №22/32 қаулы қабылдады. Exclusive.kz хабарлағандай, құжат Әділет министрлігінде №36807 болып тіркеліп, ресми жарияланғаннан кейін он күннен соң күшіне енеді. Жаңа ереже сайлау процесінің мазмұнын түбегейлі өзгертіп, комиссияның саяси шешімдердегі рөлін айтарлықтай күшейтпек.
Кандидаттардың иммунитеті – енді ЦИК бақылауында
Басты жаңалық – Президент пен депутаттыққа үміткерлердің саяси қол сұғылмаушылығы мәселесі. Енді Бас прокуратура кандидатқа қылмыстық іс қозғау, ұстау, қамау немесе әкімшілік шара қолдану жөніндегі ұсынысты міндетті түрде ОСК-ға жолдауы тиіс.
Комиссия он жұмыс күні ішінде ұсынысты қарап, үш күн ішінде прокуратураға қорытындысын жолдайды. Осылайша, кандидаттың тағдыры тікелей ОСК шешіміне тәуелді болмақ.
Сайлау қорлары: қатаң және ашық тәртіп
Қаулыға сәйкес, Президенттікке, Парламент пен мәслихат депутаттығына үміткерлер, сондай-ақ партиялар өздерінің барлық шығынын тек жеке сайлау қорынан өтеуі тиіс. Бұл талап 1999 жылдан бері қолданылып келе жатқан ережелерді нақтылай отырып, қайшылықты тұстарды жояды және қаржыландырудағы жауапкершілікті күшейтеді.
БАҚ-тағы тең мүмкіндіктер
Кандидаттарға берілетін тегін эфир мен жарияланымдарға қатысты да жаңа талаптар енгізілді:
-
теледидарда – 15 минут (тікелей немесе жазба түрінде);
-
радиода – 10 минут;
-
мерзімді басылымдарда немесе интернет-ресурстарда – көлемі 0,1 баспа табақтан аспайтын екі мақала.
Маңызды өзгеріс – кандидаттарға бөлінген ресурстарды өзара қайта үлестіру құқығы берілді. Бұл агитациялық науқанды тиімдірек жоспарлауға, негізгі аудиториясына қарай коммуникациялық арналарды таңдауға мүмкіндік береді.
Ескі қаулының күші жойылды
Жаңа құжатпен бірге 2017 жылғы 26 маусымдағы ОСК-ның ашық деректер тізбесіне қатысты қаулысы күшін жойды. Бұл – ақпараттық ашықтықтың ескі моделінен бас тартылып, қоғаммен жаңа форматтағы өзара іс-қимылға көшу дегенді білдіреді.
Саяси мәні
Қаулы Бас прокуратурамен, Ұлттық экономика министрлігімен және Мәдениет пен ақпарат министрлігімен келісілген. Құжатқа ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров қол қойған.
Жаңа тәртіп алдағы сайлау науқандарына елеулі ықпал етуі мүмкін. Бір жағынан, мемлекет кандидаттарға БАҚ арқылы тең жағдайды қамтамасыз етпек. Екінші жағынан, Президентке үміткерлердің қол сұғылмаушылығы мәселесінде шешуші рөлді ОСК-ға беру саяси интригіні арттыра түсті.
Шоқан Алмас