Қазақстан мен Ұлыбританияның қорғаныс саласындағы ынтымақ туралы құжатқа қол қоюы Кремльдің қытығына тиді деп жазады Ertenmedia.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қорғаныс министрлігі Бас штабының бастығы Ербол Құмарбекұлы бастаған ресми делегация Британ жеріне барып, 2025–2026 жылдарға арналған әскери әріптестік жоспарын бекіткен.
Келісімнің негізгі бағыты бітімгерлік миссияны дамыту, офицерлерді ағылшынның беделді әскери оқу орнында даярлау, тіл үйрену және НАТО стандартына көшу.
"Қазақстан мен Британия арасындағы әскери ынтымақтастық барып тұрған сатқындық. Жаңалықты жексенбі күні жариялаған қазақ билігі келісім Кремльдің назарынан тыс қалады деп топшылады. Қазақтар мұны барынша жасыруға тырысты, тіпті министрді орнына алып тастады", - дейді Тина.
Айтуынша, Мәскеудің қарсы реакциясынан кейін аталған келісім туралы ақпарат Қорғаныс министрлігінің ресми сайтынан жоғалып кеткен.
Канделаки қазақтар мен ағылшындардың әскери әріптестігін Ресей мүддесіне төнген қатер деп бағалап отыр.
"Қазақстан ОДКБ-ға мүше мемлекет. Дәл осы әскери блок Қаңтар оқиғасы кезінде Тоқаев пен оның айналасын төңкерістен "құтқарып" қалды. Соған қарамай қазақтар Ресейдің жауы саналатын Британиямен әскери келісім жасап отыр", – деп қынжылыпты Канделаки.
Пропагандистің пікірінше, мұны соңы жақсы болмайды. Кім үшін? Иә, біз үшін.
Біз білсек, Канделаки Мәскеудің ауыр артиллериясы. Путин көрші елдің кейбір әрекетіне көңілі толмағанда Тинаны шынжырдан босатып, абалауға рұқсат береді.