«ҚазМұнайГаз» еншілес компаниясының топ-менеджері қаржы жымқыру ісі бойынша үш жылға сотталды

31

Munarmedia.kz.10.09.2025 /Астана/-Маңғыстау облыстық прокуратурасы өңірдегі мұнай-газ компанияларына жүргізген тексеріс нәтижесінде заң бұзушылықтар әшкереленді. Тексеру барысында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны — «Oil Transport Corporation» ЖШС қызметінде айтарлықтай қаржылық алаяқтық фактілері анықталған. Әсіресе техника қабылдау кезінде жасалған заңсыз әрекеттер досудьялық тергеудің басталуына түрткі болды.

Тергеу аясында үш адам ұсталды. Олар — компанияның басшылық өкілдері мен мердігер ұйым жетекшілері. Соттың шешімі бойынша барлығы да кінәлі деп танылды.

Нәтижесінде кәсіпорынның бас директорының орынбасарына қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін үш жылға бостандығын шектеу жазасы кесілді. Сонымен қатар, мердігер компанияның екі өкіліне екі жылдан бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Айыпталушылар келтірілген залалды толық көлемде өтеп, мемлекетке 250 миллион теңгеден астам қаражат қайтарды.

«Oil Transport Corporation» ЖШС – «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының құрамындағы ірі еншілес ұйымдардың бірі. Ол «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мен КМГ-ның басқа да еншілес құрылымдарына Қаламқас пен Жетібай кен орындарында барлық көлік-логистикалық қызмет түрлерін көрсетеді.

Бұл оқиға Қазақстан мұнай-газ саласында корпоративтік басқарудың кемшіліктері мен жемқорлық тәуекелдерінің әлі де өзекті екенін көрсетті. Әлемдік нарықтағы мұнай бағасының тұрақсыздығы жағдайында мұндай жанжалдар ұлттық компания имиджіне ғана емес, сонымен бірге инвестициялық климатқа да елеулі соққы болып тиетіні анық.

Мемлекет қазынасына миллиардтаған кіріс түсіріп отырған стратегиялық саладағы әрбір сыбайлас жемқорлық фактісі тек құқық қорғау органдарының емес, сонымен бірге қоғамның да назарында. Бұл іспен аяқталған сот үкімі мұнай-газ секторының ашықтығын қамтамасыз ету үшін жүйелі бақылаудың қаншалықты қажет екенін тағы бір мәрте айғақтап берді.