Munarmedia.kz.10.09.2025 /Астана/-Брюссель Ресейге қарсы 19-пакет санкциясын әзірлеу барысында күтпеген бағытқа бет бұрды. Еуропалық дипломаттардың мәліметінше, бұл жолы нысанаға тек Мәскеу ғана емес, Орталық Азиядағы бірқатар қаржы ұйымдары да іліккен. Reuters агенттігі хабарлағандай, жаңа шектеулер екі мемлекеттегі бірнеше банкке бағытталуы мүмкін. Қай елдер мен қандай банктерге қатысты екені әзірге құпия ұсталып отыр.
Бұл қадамның астарында не жатыр? Еуропалық одақ ресми түрде мұны Ресеймен тым тығыз әріптестік орнатқан және санкциялық режимді айналып өтуге мүмкіндік берген өңірлік ойыншыларға жауап деп түсіндіреді. Яғни, Еуропаның алаңдаушылығы – Орталық Азия транзиттік дәлізге айналып, Мәскеудің халықаралық шектеулерден сытылып шығуына жол ашуы мүмкін деген қауіп.
Жаңа санкциялар тек банктерді ғана емес, экономиканың стратегиялық секторларын да қамтуы ықтимал. Еуропалық БАҚ-тың хабарлауынша, тізімде жоғары технологиялық жабдық экспорты, қаржылық транзакциялар, сондай-ақ көлік және логистика салалары бар. Бұл – ЕО-ның санкциялық саясаты енді тек Ресейге ғана емес, оның әріптестік орнатқан аймақтарына да бағыттала бастағанының айқын көрінісі.
Еуропа кеңесінің төрағасы Антониу Кошта жаңа шектеулер АҚШ-пен тығыз үйлестірілетінін мәлімдеді. Бұл – Батыстың Ресейге қысымды күшейту жолында біртұтас майдан құруға ұмтылып отырғанын аңғартады.
Алайда Мәскеу бұған қарсы өз риторикасын ұсынды. Ресей сенаторы Владимир Джабаров Еуроодақты «агрессивті сипат алған, отаршыл амбициялары бар блок» деп айыптады. Оның пікірінше, Брюссельдің Орталық Азияға бағытталған назары тек саяси себептермен ғана шектелмейді. Бұл – өңірдің мол табиғи ресурстарына деген геоэкономикалық талас.
Шынында да, Орталық Азия әлемдік стратегиялық шикізат қоры тұрғысынан ерекше орынға ие. Сарапшылардың есептеуінше, мұнда марганецтің – 38,6%-ы, хромның – 30,07%-ы, қорғасынның – 20%-ы, мырыштың – 12,6%-ы және титанның – 8,7%-ы шоғырланған. Мұндай байлық Еуропаның да, Қытай мен Ресейдің де, басқа да ірі ойыншылардың да мүддесін тоғыстырады.
Еуроодақтың жаңа санкциялық бастамасы бір жағынан Ресейге қысымды күшейтуді көздесе, екінші жағынан Орталық Азияны геосаяси айқастың жаңа алаңына айналдыру қаупін туғызуда. Бұл жағдай аймақтағы мемлекеттердің сыртқы саясаттағы теңгерім саясатына, қаржы жүйесіне және транзиттік әлеуетіне үлкен сынақ болып тұр.
Орталық Азия үшін алдағы кезең – сын сағаты. Өңірлік елдер бір жағынан, Ресеймен дәстүрлі экономикалық байланыстарын сақтағысы келсе, екінші жағынан, Батыс санкцияларының қысымына төтеп беруге мәжбүр. Бұл тепе-теңдік сақтала ма, әлде жаңа санкциялық дауыл аймақтың ішкі тұрақтылығына соққы бола ма – соны уақыт көрсетеді.