Munarmedia.kz 16.12.2025 /Астана/ Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Ұлы Дала тарихы иран дереккөздерінде» атты көрме ашылды. Көрме аясында Ислам Республикасы Иранның Сыртқы істер министрлігі архивтерінен табылған 27 көне парсы қолжазбасының көшірмелері алғаш рет көпшілік назарына ұсынылды.
Көрмеде ұсынылған экспонаттар XVIII–XIX ғасырларда қазіргі Қазақстан аумағында орын алған әлеуметтік-саяси және экономикалық үдерістерге қатысты құнды тарихи деректерді қамтиды. Қолжазбаларда Қазақ хандығының ішкі құрылымы, аймақтық қатынастар, басқару жүйесі мен көрші елдермен байланыстары жөнінде маңызды мәліметтер сақталған.
Аталған бірегей құжаттар Қазақстан тарапына Иран Президентінің Астанаға жасаған ресми сапары аясында ирандық тараппен табысталған. Бұл бастама екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға және Ұлы Дала тарихын шетелдік жазба дереккөздер арқылы жан-жақты зерделеуге мүмкіндік береді.
Көрме отандық және шетелдік зерттеушілерге, сондай-ақ кең аудиторияға Қазақстан тарихының халықаралық дереккөздердегі бейнесін тереңірек танып-білуге жол ашады.