KazTAG бас редакторы мәлімдеме жасады

31

Munarmedia.kz 16.12.2025 /Астана/ KazTAG халықаралық ақпарат агенттігінің бас редакторы Амир Касенов Алматы қалалық полициясын өзіне қатысты заңсыз қылмыстық қудалау жүргізді деп айыптап, тергеу барысында азаптау сипатындағы қысым көрсетілгенін мәлімдеді. Агенттік оның ресми мәлімдемесін жариялады.

«Мен, KazTAG ХАА бас редакторы Амир Касенов, Алматы қаласы полициясы тарапынан қолданылған заңсыз тергеу әдістері мен азаптаулар туралы мәлімдеймін. Бұл жағдайлардың барлығы ресейлік тегі бар миллиардер Тимур Турловтың және оның бақылауындағы “Freedom Finance” компаниясының арызы негізінде Алматы полициясы қозғаған заңсыз, қолдан жасалған қылмыстық істің салдарынан орын алды.

Қазіргі уақытта олар бізді қайта-қайта тергеуге шақыруда. Біздің іс бойынша тергеуші — Заманбек Тазабеков мырза бізге, соның ішінде маған психоэмоционалдық қысым көрсетті, үстімнен еңкейіп тұруға жол берді. Мен мұны тікелей қысым деп бағалап, азаптауға теңеймін. Осы жайттардың барлығын біз өз өтінішхаттарымызда көрсетіп, Стамбұл хаттамасы тетігін іске қосуды талап еттік», — деді А. Касенов.

Бұған дейін KazTAG агенттігінің бас редакторы Амир Касенов пен бас директоры Асет Матаев Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабы (көрінеу жалған ақпарат тарату) бойынша жауапкершілікке тартылып жатқаны белгілі болған еді. Айта кетерлігі, бұл жаңалықтың алдында журналистік қауымдастық пен бірқатар азаматтық белсенділер аталған бапты декриминализациялау қажеттігін бірнеше рет көтерген болатын.

KazTAG ісі бойынша арызданушы тарап ретінде «Freedom Finance» компаниясы танылған. Қылмыстық іс компанияның жекелеген қызметкерлері тарапынан алаяқтық әрекеттерге ұшырадық деп мәлімдеген қазақстандықтар туралы жарияланымдарға байланысты қозғалған.

Агенттік өкілдері тергеу барысында процестік заңбұзушылықтар орын алғанын атап өтеді. Олардың айтуынша, редакция қылмыстық іс туралы бірнеше ай өткен соң ғана бұқаралық ақпарат құралдары арқылы білген, ал тергеу 2025 жылдың тамыз айында басталған. Сонымен қатар, редакцияға сот сараптамаларының тағайындалғаны туралы уақтылы хабарланбаған. Қорғаушылардың пікірінше, бұл әрекеттер қолданыстағы заңнама талаптарына қайшы келеді.

KazTAG ісіне байланысты АҚШ елшілігі де пікір білдірді.

«АҚШ елшілігі медиаұйымдарға қатысты сот істерін, соның ішінде KazTAG ісін мұқият бақылап отыр. Сөз бостандығы — еркін қоғамның негізі. Біз серіктестеріміз халықаралық нормаларды сақтайды, медиаұйымдардың құқықтарын құрметтейді және цензурадан бас тартады деп үміттенеміз», — делінген дипломатиялық өкілдіктің мәлімдемесінде.