Қазақстандықтар зейнетақысын Монғолияда да алады

228

Munarmedia.kz 10.12.2025 /Астана/-Қазақстан мен Моңғолия арасында зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім ратификацияланды. Мәжіліс мақұлдаған бұл құжат екі ел арасында еңбек миграциясы мен әлеуметтік кепілдіктерді қорғауды қамтамасыз ететін жаңа тетік енгізеді.

Келісімге сәйкес, Қазақстан азаматтары Моңғолияға қоныс аударған немесе уақытша тұрып жатқан жағдайда, жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі қаражатын шетелге шығарып, сонда алуға мүмкіндік алады. Бұл — қазақстандықтар үшін зейнетақы жинақтарының «экспортын» заңды түрде рәсімдейтін жаңа халықаралық механизм.

Сонымен қатар құжат екі ел аумағында жасалған еңбек өтілін өзара мойындауды көздейді. Яғни Қазақстанда немесе Моңғолияда жұмыс істеген жылдар екіжақты тәртіппен расталып, зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде ескерілетін болады.

Мамандардың айтуынша, бұл келісім әсіресе Моңғолияда тұратын этникалық қазақтарға және екі ел арасында еңбек мақсатымен жүретін азаматтарға әлеуметтік жағынан маңызды қолдау болмақ.