Ақмолада "Адал білім-адал ұрпақ" өңірлік форумы өтті

79

Munarmedia.kz 10.12.2025 /Астана/

Ақмола облысында Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай білім беру саласындағы парасаттылық мәдениетін нығайтуға арналған «Адал білім – адал ұрпақ» атты өңірлік форум өтті. Іс-шараны Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті ұйымдастырды. Форум жас ұрпақтың бойында адалдық құндылықтарын қалыптастыру, оқу орындарында ашықтық пен әділдік қағидаттарын енгізу мәселелерін талқылауға арналды.

Форум жұмысына Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев, МҚІА облыстық департаментінің басшысы Нұрқат Батырқұлов, білім басқармасының өкілдері, жоғары және орта оқу орындарының ректорлары мен директорлары, педагогтер, жастар ұйымдарының белсенділері және БАҚ өкілдері қатысты.

Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев қатысушыларды облыс басшылығының атынан құттықтап, сыбайлас жемқорлықтан ада қоғам қалыптастыру тек білім жүйесінің міндеті емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.  Досұлан Ерланұлы " Болашақ ұрпақты адалдыққа тәрбиелеу – елдің іргесін бекітіп, мемлекеттің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін басты құндылықтардың бірі" екенін атап өтті. 


Өз кезегінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрқат Батырқұлов өңірде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жүзеге асқан шаралар туралы баяндап өтті. Ол білім беру ұйымдарында парасаттылық қағидаттарын ілгерілету бойынша бірқатар жобалар сәтті іске асып, нақты нәтижелер байқалып отырғанын айтты.

Форум кезінде Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің проректоры Ардақ Қапышев, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов, жастар өкілі Даниил Спильный, Жоғарғы агротехникалық колледж директорының орынбасары Ұлпан Құртбаева және Красный Яр ауылы №1 мектеп директоры Тілеукен Ахметбеков сөз сөйлеп, білім беру ұйымдарындағы ашықтық мәдениетін қалыптастыру тәжірибелерімен бөлісті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, форумның негізгі мақсаты – мемлекет мүлкіне жанашыр, отансүйгіш, жауапкершілігі жоғары адал азамат тәрбиелеу. «Ел тізгінін ұстар бүгінгі жастардың дүниетанымы, олардың адалдық пен білімге деген ұмтылысы – Қазақстанның ертеңін айқындайтын фактор», – дейді қатысушылар.


Форум соңында жыл бойы «Адал білім – адал ұрпақ» ұранымен өткен іс-шараларға белсене қатысқан бірқатар азамат Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының Алғыс хаттарымен марапатталды.


Бұл шара аймақта парасаттылық мәдениетін күшейтуге бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасы ретінде бағаланып отыр.

Баяжума Асылбек,

ҚР МҚІА қоғамдық кеңесінің мүшесі, журналист